Облыс әкімі Берік Уәлидің аудан тұрғындарымен кездесуі Абай ауданынан басталды. Кездесуде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, жүзеге асып жатқан жобалар және алдағы жоспарлар талқыланды, деп хабарлайды Arnapress.kz облыс әкімдігінің баспасөзіне сілтеме жасап.
Ауданда ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, туризм және инфрақұрылым салаларына басымдық берілуде. Жеті айда ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 34,3 млрд теңгеге жетті.
Алдағы уақытта құны 255 млрд теңге болатын тау-кен байыту комбинатын салу жоспарланып отыр. Жоба іске асса, 1 800 жаңа жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар 5 мың басқа арналған заманауи мал бордақылау алаңы бой көтермек.
Туризм саласында “Жидебай-Бөрілі” музей-қорығында заманауи визит-орталық пен “Taukum Жидебай” этнотуристік кешенін салу көзделген.
Ауылдарды сапалы ауызсумен қамту, Қарауыл ауылын орталық жылу жүйесіне қосу, автомобиль жолдарын жөндеу, білім беру және мәдениет нысандарын жаңғырту бағытындағы жұмыстар да жалғасуда.
Көкбай және Саржал ауылдарында спорт модульдерінің құрылысы жүріп жатыр. Ал Қарауыл, Көкбай және Қасқабұлақ ауылдарындағы кітапханалар “Kitap–Lab” жобасы аясында жаңғыртылуда.
Абай ауданында халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жалғасады.
Фото: облыс әкімдігі баспасөзінен
