2026 жылғы 1 қазаннан бастап №1/2 “Алматы - Ташкент” халықаралық пойызының құрамында “Әйелдер вагоны” қызметі іске қосылады, деп хабарлайды Arnapress.kz “Жолаушылар тасымалы” АҚ баспасөзіне сілтеме жасап.
Бұл - Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы халықаралық бағытта алғаш рет ұсынылып отырған жаңа қызмет.
“Жолаушылар тасымалы” АҚ мәліметінше, Алматы - Ташкент бағытына сұраныстың артуы және жолаушылар ағынының өсуіне байланысты вагонды іске қосу туралы шешім қабылданған. Бұған дейін бұл қызмет ішкі теміржол бағыттарында жолаушылар арасында жоғары сұранысқа ие болған. “Әйелдер вагоны” іске қосылғаннан бері оны 946 мыңнан астам жолаушы пайдаланған.
Пойыз күн сайын қатынайды. Алматыдан 19:05-те жөнеліп, Ташкентке 12:53-те (Ташкент уақытымен) келеді. Кері бағытта пойыз Ташкенттен 14:41-де шығып, Алматыға 08:51-де жетеді.
“Әйелдер вагонына” билеттер тек әйел жолаушыларға сатылады. Сонымен қатар, ересек адамның еріп жүруімен жеті жасқа дейінгі ұл балаларды алып жүруге рұқсат етіледі. Вагонда жолаушыларға тек әйел жолсеріктер қызмет көрсетеді.
Осы бағыттың қосылуымен Қазақстандағы “Әйелдер вагоны” қолжетімді пойыздар саны 14-ке жетеді. Қызмет Алматы, Астана, Шымкент, Ақтөбе, Маңғыстау, Павлодар, Түркістан, Семей, Атырау және Орал бағыттарындағы пойыздарда ұсынылады.
Билетті теміржол кассаларынан немесе bilet.railways.kz ресми сайты арқылы онлайн сатып алуға болады. Билет рәсімдеу кезінде орынның “Әйелдер вагонына” тиесілі екенін білдіретін “ЖН” белгісіне назар аудару қажет.
Билеттер пойыз жөнелтілетін күнге дейін 45 тәулік бұрын сатылымға шығады. Бұл жолаушыларға халықаралық сапарын алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді.
Фото: ЖИ
