Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің 2026 жылғы тамыздағы қызметінің қорытындысы жарияланды, деп хабарлайды Arnapress.kz ҚР ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекеттік шекараны күзету және қорғау барысында шекарашылар құзырлы органдармен бірлесіп, шекара кеңістігінде 5 588 заң бұзушыны ұстады. Олардың 4 907-сі - шетел азаматтары.
Сонымен қатар мемлекеттік шекара арқылы тауарлар мен жүктерді заңсыз өткізудің 2 089 фактісінің жолы кесілді. Оның ішінде есірткіге қатысты 30, қару-жарақ пен оқ-дәрілерге қатысты 68 факті анықталды. Сондай-ақ 159 тоннадан астам жанар-жағармай материалдарын, 1,8 млрд теңгеден астам халық тұтынатын тауарларды және шамамен 1,5 млрд теңгенің шетел валютасын заңсыз өткізу әрекеттері тоқтатылды.
Каспий теңізі акваториясында 61 браконьерлік фактісінің жолы кесіліп, заңсыз аулау құралдары мен бекіре тұқымдас балықтар тәркіленді. Алдын алынған шығын көлемі 561 млн теңгеден асты.
Шекара қызметі өз құзыреті шеңберінде 63 қылмыстық іс қозғады. Бұдан бөлек, өндірісте 4 886 әкімшілік іс бар. Олар бойынша 40 млн теңгеден астам айыппұл салынды.
Қалған анықталған фактілер бойынша материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін құқық қорғау және сот органдарына жолданды.
Фото: ЖИ
