Лента новостей

Семейде “38. Соңғы нүкте” фильмінің премьерасы өтті

Семейде “38. Соңғы нүкте” фильмінің премьерасы өтті

Семейде “38. Соңғы нүкте” толықметражды отандық драма-катастрофасының премьерасы өтті, деп хабарлайды Arnapress.kz облыс әкімдігінің баспасөзіне сілтеме жасап. 

Туындыға 2023 жылы “Семей орманы” мемлекеттік орман табиғи резерваты аумағында болған ауқымды өрт оқиғасы арқау болған.

“38. Соңғы нүкте” – қазақстандық кинематографияда драма мен апат жанрын ұштастырған туынды. Фильмде ел тарихындағы күрделі кезеңдердің бірі көркем тілмен баяндалып, орман өрті кезінде ерлік көрсеткен өрт сөндірушілер мен сала мамандарының еңбегі, сондай-ақ қиын сәтте бір-біріне қолдау көрсеткен халықтың жанашырлығы көрсетіледі.

Картина Ақпарат және мәдениет министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының тапсырысымен, Абай облысы әкімдігінің қолдауымен түсірілген.

Фильмнің идея авторы әрі кеңесшісі – облыс әкімі Берік Уәли. Басты және қосалқы рөлдерді Асан Мәжит, Арман Уахитов, Алтынай Нөгербек, Төлепберген Байсақалов, Алмат Сақатов, Алтыншаш Шаяхмет, Нұркен Өтеуіл, Мақсат Сәбитов, Дәркен Есімбеков және Асылбек Әйтіш сынды танымал өнерпаздар сомдаған.

Премьера барысында 2023 жылғы алапат өрт кезінде қаза тапқан азаматтарды бір минут үнсіздікпен еске алу рәсімі өтті.

Шарада сөз сөйлеген Берік Уәли фильмнің ел тарихындағы маңызды оқиғаны кейінгі ұрпаққа жеткізудегі маңызына тоқталды.

“2023 жылғы орман өрті – Абай өңірінің ғана емес, тұтас еліміздің есінде қасіретті естелік болып қалған оқиға. Алапат апат кезінде тілсіз жаумен арпалысқан өрт сөндірушілердің ерлігі мен өңір халқының жанкештілігі азаматтарымыздың биік адамгершілігін, өз ісіне адалдығын және ел үшін отқа түсуден тайынбайтын ерлік рухын көрсетті. Біз алапат өрт толық сөндірілгенге дейін 35 күн бойы арпалысқан азаматтардың қайсарлығына басымызды иеміз. Осы оқиға кезінде өмірімен қоштасқан азаматтарды мәңгі есте сақтау – біздің парызымыз. “38. Соңғы нүкте” фильмі де осы мақсатта түсірілді” – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы шығармашылық топқа алғыс білдіріп, фильмнің қазақ киносының қорынан лайықты орын алатынына сенім білдірді.

“Фильм өте әсерлі, сәтті шыққан. Осы фильмді көрген әрбір көрермен орманды аялап, қорғауға жауапкершілікпен қарайды деп ойлаймыз”, – деді Берік Уәли.

Фильмнің идея авторларының бірі – Мақсат Жұмаханов, сценарий авторы әрі бас продюсері – Нұржігіт Хайдар, режиссері – Төребек Бейсебаев, қоюшы операторы – Асылхан Мелдебеков.

“38. Соңғы нүкте” фильмі 3 қыркүйектен бастап еліміздің кинотеатрларында көрсетіледі.
Фото: Нұржігіт Қайдардан

Просмотров (136)
ТопДок 1