2026 жылғы 25 тамыздан бастап электрсамокаттардың тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолдарымен жүруіне тыйым салынады, деп хабарлайды Arnapress.kz ҚР Бас прокуратурасына сілтеме жасап.
Қазақстанда жыл басынан бері мопед жүргізушілерінің кінәсінен 390 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 33 адам қаза тауып, 461 адам жарақат алған. Сонымен қатар велосипедшілердің кінәсінен 169, шағын электр көлік құралдарын басқарушылардың қатысуымен 97, ал электрсамокат жүргізушілерінің кінәсінен 47 жол-көлік оқиғасы болған.
Осы оқиғалардың нәтижесінде 329 кәмелетке толмаған бала зардап шегіп, 10 бала қаза тапқан.
Жеке мобильділік құралдарын пайдаланушылардың өздері де жол-көлік оқиғаларынан жиі зардап шегеді. Электрсамокат жүргізушілерін көлік қағып кетудің 145, мопед жүргізушілерін - 82, шағын электр көлік құралдарын басқарушыларды қағып кетудің 52 дерегі тіркелген. Бұл оқиғалардан төрт адам қаза тауып, 300-ге жуық адам түрлі жарақат алған.
Осыған байланысты жеке мобильділік құралдарын пайдалану тәртібіне бірқатар өзгеріс енгізілді.
Велосипед жолы немесе велосипед жолағы бар болса, қозғалыс тек солар арқылы жүзеге асырылуы тиіс. Ал олар болмаған жағдайда электрсамокатпен жол жүрісі қағидаларына сәйкес жүріс бөлігінің оң жақ шетімен немесе жол жиегімен жүруге рұқсат етіледі.
Жүріс бөлігінде электрсамокат басқаруға 18 жасқа толған, тиісті санаттағы жүргізуші куәлігі бар және қорғаныш дулығасын пайдаланатын адамдарға ғана рұқсат етіледі.
Мопед жүргізушілері тек жүріс бөлігімен қозғалуы тиіс. Ал жолды жаяу жүргіншілер өткелі арқылы кесіп өткен кезде самокат, велосипед және мопед жүргізушілері көліктен түсіп, оны жаяу жетектеп өтуі қажет.
Сонымен қатар жолаушыларды тасымалдауға, рөлді ұстамай телефон пайдалануға және тәуліктің қараңғы уақытында жарық шағылыстыратын элементтерсіз жүруге тыйым салынады.
Әсіресе адамдар көп жүретін жерлерде жоғары жылдамдықпен қозғалу қауіпті. Мұндай жағдайда балалар, егде жастағы адамдар және балалар арбасымен жүрген азаматтар қауіпке көбірек ұшырайды. Жолдың тайғақ болуы да апат қаупін арттырады.
Бас прокуратура ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлуге шақырады. Балаларға жол қозғалысы ережелерін түсіндіріп, олардың самокат пен велосипедті қауіпсіз әрі заң талаптарына сәйкес пайдалануын бақылау қажет.
Автокөлік жүргізушілері де қиылыстарда, аулаларда, жаяу жүргіншілер өткелдерінде және екі дөңгелекті көлік құралдары пайда болуы мүмкін жерлерде барынша сақ болуы тиіс.
Фото: ЖИ
