Семейдегі теміржол вокзалында жөндеу жұмыстары әлі де жалғасып жатыр, деп хабарлайды Arnapress.kz.
Жаңғырту жұмыстары Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының қаражаты есебінен өңірдегі 10 теміржол вокзалы жаңғыртылып жатыр. Бұл туралы өткен жылы желтоқсан айында әкімдік хабарлаған.

Семей теміржол вокзалы 1915 жылы салынған. Ғимараттың жалпы ауданы - 3037,9 шаршы метр. Нысанда соңғы рет 1972 жылы қайта құру жұмыстары жүргізіліп, 2013 жылы күрделі жөндеу жасалған.

Вокзалда демонтаждау және шатыр жабу жұмыстары аяқталған. Ғимараттың сыртқы келбеті заманауи еуро панельдермен жаңартылып, аумағы кеңейтілуде. Инженерлік желілерді жаңарту жұмыстары да жалғасып жатыр.
Жаңғырту жұмыстарын 2026 жылдың IV тоқсанында аяқтау жоспарланған.

Бұған дейін аймақ басшысы нысанды аралап көріп, мердігер ұйымға жұмыстардың сапасына ерекше мән беріп, белгіленген кестені сақтауды тапсырған еді. Сондай-ақ жолаушылар үшін қолайлы жағдай жасаудың маңызын атап өткен.

Жөндеу жұмыстары кезінде жолаушыларға қолайлы жағдай жасау үшін вокзал ғимаратының оң жағында жалпы ауданы 85 шаршы метр болатын уақытша қызмет көрсету орындары ұйымдастырылған. Олар қолайсыз ауа райы кезінде жолаушыларға қызмет көрсетуге арналған.

Алайда жолаушылардың көп болуына байланысты уақытша орындарда тарлық сезіледі. Сонымен қатар вагондардың тығыз орналасуы да жолаушыларға қолайсыздық туғызуда.
Фото: Arnapress.kz
