Лента новостей

Қазақстанда күзгі әскерге шақыру науқаны басталды

Қазақстанда күзгі әскерге шақыру науқаны басталды

Қазақстанда күзгі әскерге шақыру науқаны басталды, деп хабарлайды Arnapress.kz Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.

Оның аясында қалалық және аудандық шақыру комиссиялары жұмысқа кірісті.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, желтоқсанның соңына дейін шамамен 23 мың ер азамат мерзімді әскери қызметке шақырылады. Олардың қатарында 12 мыңнан астамы - Қарулы күштерге, 7 мыңы - Ұлттық ұланға, 3 мыңы - ҰҚК Шекара қызметіне, 400-ден астамы - Төтенше жағдайлар министрлігіне, ал 300-ге жуығы Мемлекеттік күзет қызметіне қабылданады.

Әскерге шақыру үдерісін цифрландыру мақсатында “Цифрлық шақыру” жүйесі мен “Smart военкомат” жобасы іске асырылуда. Соның арқасында әскерге шақыру және әскери есепке алу қызметтерінің басым бөлігі проактивті форматта көрсетіледі.

Тұрғылықты жері ауысқан жағдайда азаматтарды әскери есепке қою, 17 жастағы бозбалаларды тіркеу, сондай-ақ әскерге шақыруды кейінге қалдыру және босату қызметтері автоматтандырылған. Әскери есепке қатысты барлық мәлімет азаматтардың eGov порталындағы жеке кабинетінде қолжетімді.

Қорғаныс ведомствосының мәліметінше, әскери қызметшілер әскери-есептік мамандықпен қатар еңбек нарығында сұранысқа ие 20-ға жуық жұмысшы кәсібін тегін меңгере алады. Олардың қатарында жүргізуші, байланыс маманы, парамедик, экскаваторшы және басқа да мамандықтар бар.

Бұдан бөлек, сарбаздарға әскери қызмет өткеру кезеңінде несие төлемдерін кейінге қалдыру және ҰБТ тапсырмай-ақ мемлекеттік білім беру гранты бойынша жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігі қарастырылған.

Әскерге шақырылушылар мен олардың ата-аналарына заманауи әлеуметтік-тұрмыстық жағдай жасауға да ерекше назар аударылуда. Қорғаныс министрлігі әскери қызметті ұйымдастыру сапасын арттырып, цифрлық сервистерді дамыту және сарбаздардың ата-аналарымен өзара байланысты күшейту бағытында жұмыстар жүргізіп келеді.
Фото: ЖИ

Просмотров (79)
ТопДок 1