“Абай ұлттық мектебіне" қатысты жағдай Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім комитетінің бақылауында, деп хабарлайды Arnapress.kz министрлікке сілтеме жасап.
Министрлік мәліметінше, мектеп директорсыз қалған жоқ. Қазіргі уақытта директордың міндетін атқарушы тағайындалып, оқу процесінің үздіксіздігі қамтамасыз етілген.
2026 жылғы мамыр-маусым айларында жүргізілген ішкі мемлекеттік аудит 2023 жылғы 1 қаңтардан 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі кезеңді қамтыды. Аудит қорытындысы бойынша 10,8 млрд теңгеден астам бұзушылық анықталған.
Оның ішінде:
10,4 млрд теңге — қаржылық бұзушылықтар;
10,2 млн теңге — бюджетке қайтарылуға тиіс қаражат;
10,4 млрд теңге — қалпына келтірілуге тиіс қаражат;
370,6 млн теңге — рәсімдік бұзушылықтар.
Аудит нәтижесінде құқық қорғау органдарына шешім қабылдау үшін 4 материал жолданып, әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша 24 айыппұл салуға қатысты құжаттар жіберілген.
Мектепке тұрақты директор тағайындау мәселесі қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес қарастырылуда. Тиісті қағидалар бекітілгеннен кейін директордың бос лауазымына ашық конкурс жарияланады.
Қазіргі уақытта министрлік өкілдері мектептегі оқу процесінің ұйымдастырылуын бақылауда. Жұмысқа Оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов бастаған жауапты тұлғалар тартылған.
Министрлік ата-аналарды, педагогтерді, оқушыларды және мектеп түлектерін тек ресми ақпаратқа сүйенуге, тексерілмеген мәліметтерді таратпауға және асығыс қорытынды жасамауға шақырады.
Жүргізіліп жатқан жұмыстың қорытындысы бойынша қосымша ақпарат беріледі.
Фото: Абай ұлттық мектебінен
