Лента новостей

Семейдің қоғамдық көлік паркі жаңа автобустармен толықты

автобус, жаңа, маршрут

Облыс әкімі Берік Уәли Семей қаласындағы қалалық маршруттарға қызмет көрсету үшін сатып алынған жаңа жолаушылар автобустарымен танысты, деп хабарлайды Arnapress.kz облыс әкімдігі баспасөзіне сілтеме жасап.

“Таксомоторный парк” ЖШС әлеуметтік маңызы бар №1, 3, 16, 18, 22, 24, 26, 28, 29, 34, 36, 52 және №55 бағыттарға қызмет көрсетеді. Кәсіпорын қалалық қоғамдық көлік паркін жаңарту мақсатында 20 жаңа “Yutong ZK6890HGO” маркалы автобус сатып алды.

Автобустардың жолаушылар сыйымдылығы – 65 адам. Дизель отынымен жұмыс істейтін көліктер бір рет жанармай құйғаннан кейін 430 шақырымға дейін жүре алады. Автобустардың іші мен сыртында интеллектуалды бейнебақылау жүйесі орнатылған.

Қоғамдық көліктер толықтай төмен еденді, баспалдақсыз үлгіде жасалған. Бұл жолаушылардың мінуі мен түсуіне қолайлы жағдай жасайды. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі азаматтарды тасымалдауға арналған механикалық пандус қарастырылған.

Көліктер пневматикалық аспа жүйесімен, маршруттық көрсеткіштермен және қажетті жабдықтармен қамтылған. Ұзындығы 9 метр болатын әр автобуста алты бейнекамерадан орнатылған. Сондай-ақ орталықтандырылған өрт сөндіру жүйесі бар.

Аймақ басшысы Семей қаласының қоғамдық көлік паркін жаңарту жұмыстары жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті.

“Мұндай маркадағы автобустар қаламызға алғаш рет келіп отыр. Сапасы өте жақсы, жайлы, ыңғайлы. Халықтың негізгі бөлігі осы қоғамдық көлікпен жүреді. Сондықтан ең бастысы – тұрғындарға жайлы әрі сапалы қызмет көрсету. Өткен жылы 60-тан астам автобус сатып алынды. Жалпы, биыл жыл соңына дейін 100-ден астам жаңа автобусты сатып алу жоспарланған. Қазіргі таңда оның 81-і алынды. Қаламыздың автобус паркін осылай кезең-кезеңімен жаңартып отырамыз. Бұл бағыттағы жұмысты жалғастыра береміз”, - деді Берік Уәли.

Жаңа автобустар бүгіннен бастап қалалық маршруттарға шыға бастайды. Кәсіпорын келесі жылы тағы 10 жаңа автобус сатып алуды жоспарлап отыр.
Фото: облыс әкімі баспасөзінен

Просмотров (143)
ТопДок 1