Лента новостей

Абай облысында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы орта қалыптасуда

құқық, мүгедек, азаматтар, қолайлы, орта

Абай облысында мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету және оларға қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде, деп хабарлайды Arnapress.kz облыс әкімдігі баспасөзіне сілтеме жасап.

2023–2027 жылдарға арналған жол картасына сәйкес өңірде 1 255 нысанды бейімдеу жоспарланған. Бүгінде оның 991-і толық бейімделіп, жоспардың 79 пайызы орындалды.

Ал 2026 жылы 200 нысанды бейімдеу көзделсе, қазіргі таңда оның 130-ы немесе 65 пайызы қолжетімділік талаптарына сәйкестендірілді. Олардың қатарында білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және әкімшілік нысандарымен бірге сауда үйлері, банктер, дүкендер мен дәріханалар да бар.

Мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында сайлау учаскелерінің қолжетімділігіне де мониторинг жүргізілді. Облыстағы 429 ашық сайлау учаскесінің 396-сы Қолжетімділік картасына енгізілді.

Облыс әкімі жауапты мекемелерге нысандарды бейімдеу жұмыстарын жеделдетіп, жоспарланған шараларды белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ анықталған кемшіліктерді жойып, қолжетімділік талаптарының сақталуына қайта мониторинг жүргізу міндеттелді.
Фото: облыс әкімі баспасөзінен

Просмотров (108)
ТопДок 1