Лента новостей

“Қаладан - ауылға”: Абай облысында қоныс аударушылар көбейді

қаладан ауылға, жоба, көшу

Абай облысына 1241 адамнан тұратын 395 отбасы қоныс аударды. Оның 508-і Семей қаласынан, ал 733 адам еліміздің өзге өңірлерінен көшіп келген, деп хабарлайды Arnapress.kz облыс әкімдігінің баспасөзіне сілтеме жасап. 

Жобаның ауқымы соңғы аптадағы көрсеткіштен де байқалады. Бір аптаның ішінде облыс ауылдарына 42 отбасы қоныстанды. Бұл – жоба басталғалы бір аптада тіркелген ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Бұған дейін апталық орташа көрсеткіш 10-15 отбасы шамасында болған.

Жыл соңына дейін облысқа 500 отбасын көшіру жоспарланған. Бүгінде бұл меженің 79 пайызы орындалды. Әр ауданға 50 отбасынан қабылдау міндеті қойылған.

Қоныс аударған отбасылардың жаңа ортаға бейімделуі де тұрақты бақылауда. Аудан және ауыл әкімдіктері әр отбасының тұрмыс жағдайын зерделеп, өтініш-тілектері мен туындаған мәселелерін жедел шешуге бағытталған жұмыстар жүргізуде.

“Қаладан - ауылға” жобасының негізгі мақсаты – ауылдық елді мекендердің дамуына серпін беріп, тұрғындарды ауылға қоныстандыру арқылы еңбек ресурстарын арттыру және ауыл халқының әлеуетін күшейту.

Айта кетейік, жоба биыл 20 ақпанда Семей қаласында өткен “Қаладан – ауылға” өңірлік форумы аясында бастау алған болатын.

Бүгінде ауылға көшуді таңдаған азаматтар санының артуы жобаның халық арасында сұранысқа ие болып келе жатқанын көрсетеді.

Қала мен ауыл арасындағы байланысты нығайтып, ауылды жаңа мүмкіндіктер мекеніне айналдыру – жобаның басты бағыттарының бірі.
Фото: ЖИ

Просмотров (242)
ТопДок 1