Бір кездері әлемнің сән подиумдарында жүріп, әйгілі брендтердің киімдерін таныстырған Шыңғыс Таңатпаев бүгінде әскери форма киіп, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп жүр, деп хабарлайды Arnapress.kz ҚР Ұлттық ұланға сілтеме жасап.
Қарағандыдағы 5451 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Шыңғыс Таңатпаев модельдік мансабын 17 жасында бастаған. Бойы мен келісті келбеті оны сән индустриясына алып келіп, халықаралық подиумдарға жол ашты. Ол Францияның танымал Pierre Cardin сән үйінің, Италияның Federico Barrazzo және Sauvage Multi брендтерінің киімдерін көрсетіп, түрлі елдерде өткен сән көрсетілімдеріне қатысты.

Алайда бүгінде сарбаз үшін сән әлеміндегі жарқыраған сахнадан гөрі әскери қызметтің жауапкершілігі маңызды.
Подиумдағы нық қадам саптағы әскери жүріске ауысқанымен, екі саланың да ортақ тұстары бар. Олар – тәртіп, жинақылық, өзіне деген сенімділік және әр тапсырманы жауапкершілікпен орындау. Модель үшін сахнада өзін еркін әрі сенімді ұстау маңызды болса, әскери қызметші үшін әр қимылдың нақты әрі тәртіпке сай болуы талап етіледі.
Қазір Шыңғыс Қарағанды қаласының қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосып жүр. Ол бұқаралық іс-шаралар кезінде және адам көп шоғырланатын орындарда қоғамдық тәртіпті күзетіп, тұрғындармен тікелей байланыста қызмет атқарады.

Қызмет барысында сарбаз түрлі жағдайларда азаматтарға көмек көрсетіп келеді. Ата-анасынан адасып қалған балаларды тауып, жақындарына табыстауға, сондай-ақ тұрғындардың жоғалған бағалы заттарын қайтаруға атсалысқан кездері бар.
Шыңғыс үшін әскери қызмет – жаңа орта, жаңа тәжірибе және азаматтық жауапкершілігін шыңдайтын маңызды кезең. Кеше ғана әлемдік сән подиумдарында өнер көрсеткен жас жігіт бүгін ел тыныштығын күзетіп, Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып жүр.
Айта кетейік, бүгінде 7 мыңнан астам Ұлттық ұлан әскери қызметшісі еліміздің 21 қаласында қоғамдық тәртіпті күзетуге күн сайын жұмылдырылады. Ал Қарағанды қаласында бұл міндетті тәулігіне 250-ден астам сарбаз атқарады.
Фото: ҚР Ұлттық ұланнан
