Лента новостей

Абай облысында 12 жаңа жанармай құю станциясы ашылады

жанармай, жаңа, салу, Абай облысы

Абай облысында автожанармай құю станцияларының желісі кеңейіп, 2026–2027 жылдары Семей қаласында жаңа форматтағы 12 станция ашу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Arnapress.kz Абай облысы әкімдігі баспасөзіне сілтеме жасап.

2020 жылы құрылған “GAS&МҰНАЙ” кәсіпорны жанар-жағармай материалдарын көтерме және бөлшек саудада өткізеді. Бүгінде компанияда 236 адам еңбек етеді. Кәсіпорынға салынған инвестиция көлемі 1,75 млрд теңгені құрайды.

Қазіргі таңда компанияның Семей қаласында 4, Аягөз қаласы мен Қарауыл ауылында бір-бірден автожанармай құю станциясы жұмыс істейді. Өткен жылы Семейде “LUKOIL” компаниясымен бірлескен жоба аясында халықаралық стандарттарға сай жаңа станция іске қосылған.

Алдағы екі жылда Семей қаласындағы қолданыстағы автожанармай құю станцияларын жаңғыртып, ребрендинг жүргізу арқылы жаңа форматтағы 12 нысан ашу көзделіп отыр.

Сонымен қатар, кәсіпорын Sinooil компаниясымен бірлесіп, жанармай құю станциялары желісін дамытып келеді. Қазіргі уақытта Семейде бір станция жұмыс істейді. Алдағы уақытта тағы екі нысанды іске қосу жоспарланған.

Жоба аясында Абай облысының жеті ауданында жол бойындағы заманауи сервистік нысандар, соның ішінде автожанармай құю станцияларын салу қарастырылған. Осы мақсатта 10 жер учаскесі бөлініп, жоба облыстың Өңірлік инвестициялық пулына енгізілді.

Облыс әкімі жоспарланған жобаларды сапалы жүзеге асырып, нысандарды белгіленген мерзімде пайдалануға берудің маңыздылығын атап өтті.

“Жанармай құю бекеттері – халыққа өте қажетті нысандардың бірі. Заман талабына сай жаңартылған станцияларға сұраныс бар. Бүгінде облысымыздың бірқатар аудандарында осындай бекеттер жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта басқа аудандарда да жаңа нысандар салу жоспарланып отырғанын білеміз. Біз бұл бастаманы толық қолдаймыз. Ең бастысы, жанармайды сату бойынша республика бойынша белгіленген бағаны сақтау маңызды. Халыққа сапалы қызмет көрсетіп, жанармай құю станцияларының айналасын абаттандыруға және тазалық жұмыстарын жүргізуге ерекше мән беріңіздер”, – деді Берік Уәли.

Жаңа станциялардың іске қосылуы өңірдегі жанармай инфрақұрылымын жаңғыртып, жол бойындағы сервистік қызмет сапасын арттыруға және тұрғындар мен автокөлік жүргізушілеріне қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Фото: Облыс әкімдігі баспасөзінен

Просмотров (235)
ТопДок 1