Лента новостей

Маңғыстауда оқу-жаттығу кезінде 19 әскери қызметші теңізге кеткен

теңіз, каспий, оқу-жаттығу, қайғылы, оқиға

24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы барысында қайғылы оқиға болды, деп хабарлайды Arnapress.kz ҚР Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюіне байланысты оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау кезінде әскери қызметшілерді теңіз алып кеткен. Алдын ала ақпарат бойынша, теңізге 19 әскери қызметші кеткен.

Қазіргі уақытта олардың 9-ы қаза болғаны анықталды. Үш әскери қызметші құтқарылды, олардың біреуі ауруханаға жатқызылды. Қалған әскери қызметшілерді іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Оқиға орнына құтқару қызметтерінің күштері мен құралдары дереу жіберілді. Іздестіру-құтқару жұмыстарына Әскери-теңіз күштерінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері, авиация және басқа да тиісті қызметтер жұмылдырылды.

Оқиғаның мән-жайын анықтау және құтқару жұмыстарын үйлестіру үшін оқиға орнына Қорғаныс министрлігінің комиссиясы жіберілді.

Қорғаныс министрлігі қаза болған әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, олардың отбасыларына қажетті көмек көрсетілетінін мәлімдеді.

Іздестіру жұмыстарының барысы мен әскери қызметшілердің жағдайы туралы қосымша ақпарат ресми деректер расталғаннан кейін беріледі. Ведомство азаматтарды тек Қорғаныс министрлігі мен басқа да мемлекеттік органдардың ресми ақпараттарына сүйенуге шақырды.

Фото: Жасанды интеллект арқылы жасалды

Просмотров (501)