Лента новостей

Семейде 20 отбасы баспаналы болды

пәтер, кілті, табыстау, Семей

Семей қаласында әлеуметтік осал топтағы азаматтарға, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға және толық емес отбасыларға жаңа пәтерлердің кілті табысталды, деп хабарлайды Arnapress.kz облыс әкімдігі баспасөзіне сілтеме жасап. 

Баспана мәселесін шешу – әлеуметтік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. 2025 жылы Семей қаласында кезекте тұрған азаматтарға беру үшін 327 жалға берілетін пәтер сатып алынды. Оның ішінде Морозов көшесіндегі "Тарлан" тұрғын үй кешенінен алынған пәтерлер де бар.

"Жыл басынан бері 112 тұрғын үй сертификаты берілді. Былтыр жыл соңында 327 пәтер сатып алынып, қазіргі уақытта 317 пәтер кезекте тұрған азаматтарға жалға беру тәртібімен рәсімделді. Бүгін қала күні қарсаңында 20 отбасыға пәтер кілтін табыстаймыз. Бұл – жай ғана үй емес, жаңа өмірге бастар жол, үміт пен сенімнің символы", – деді Берік Уәли.

"Тарлан" тұрғын үй кешені 5 қабаттан, 19 подъезден және 463 пәтерден тұрады. Жергілікті атқарушы орган тарапынан кешеннен 90-нан астам пәтер сатып алынған.

Сонымен қатар Семейде қаланы абаттандыру және қоғамдық кеңістіктерді жаңарту жұмыстары да жалғасуда. Бейбітшілік аралындағы «Өлімнен де күшті» мемориалы маңындағы 10 мың шаршы метр аумақ толық реконструкцияланып, абаттандырылды. Әміре Қашаубаев атындағы филармония алдындағы 5 мың шаршы метр қоғамдық кеңістік жаңартылды. Теміржол вокзалы аумағында 3,4 мың шаршы метр аумақты абаттандыру жұмыстары басталды.

Биылдан бастап қаладағы теміржол өткелдерін кезең-кезеңімен жөндеу жұмыстары қолға алынды. Речников, Қаржаубайұлы, Лебаев және Мичурин көшелеріндегі өткелдер жөнделді. Жалпы, ағымдағы жылы 9 теміржол өткелін жөндеу жоспарланған.

Семейде тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, баспанамен қамту және қалалық инфрақұрылымды жаңарту бағытындағы жұмыстар жалғаса береді.

Фото: Облыс әкімінің баспасөзінен

Просмотров (99)
Транспорт и перевозки
ТопДок 1