Лента новостей

Қазақстанда әйелдер денсаулығын қорғауға бағытталған жаңа мүмкіндіктер

медицина, ана, бала, денсаулығы

Қазақстанда әйелдердің репродуктивтік денсаулығын қорғауға бағытталған медициналық көмектің тұтас кешені мемлекет есебінен көрсетіледі, деп хабарлайды Arnapress.kz ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап. 

Бұл жүйе отбасын жоспарлаудан бастап жүктілікті жүргізу, босандыру және босанғаннан кейінгі кезеңге дейінгі медициналық қызметтердің барлық негізгі бағыттарын қамтиды.

Бүгінде 425 медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымы мен 24 облыстық перинаталдық орталықтың базасында әйелдер консультациялары жұмыс істейді. Мұнда жеке тіркеу бөлімдері, емшара кабинеттері және отбасын жоспарлау орталықтары ұйымдастырылған. Олардың қызметін 1 миллионнан астам әйел пайдаланды.

Жүктілікті ерте кезеңде бақылауға алу көрсеткіші де артқан. Жүктіліктің 10 аптасына дейін есепке тұрған әйелдердің үлесі 18 пайызға өсіп, 71 пайызға жетті. Бұл болашақ аналардың денсаулығын ерте кезеңнен бақылауға мүмкіндік береді.

Ұрықтың туа біткен даму кемістіктерін ерте анықтау мақсатында барлық өңірде перинаталдық орталықтардың базасында "Бір күндік клиникалар" іске қосылды. Мұнда жүкті әйелдер кепілдік берілген медициналық көмек аясында бес түрлі зерттеуден өтіп, нәтижелерін келесі күні алады.

2026 жылы диагностикалық зерттеулермен 100 мыңнан астам жүкті әйел қамтылып, 500 мыңнан астам медициналық қызмет көрсетілді. Соның нәтижесінде ұрықтың даму кемістіктерін анықтау көрсеткіші 13 пайызға артса, нәресте өлімінің көрсеткіші 15 пайызға төмендеді.

Сонымен қатар, 2025 жылдан бастап әйелдерді салауатты жүктілікке дайындауға бағытталған «Аналар саулығы» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарлама аясында әйелдерге 12 түрлі тегін медициналық тексеруден өтуге мүмкіндік берілген.

Қазақстанда жыл сайын 300 мыңнан астам босану қабылданады. Ана мен бала денсаулығын қорғау – денсаулық сақтау жүйесінің маңызды бағыттарының бірі. Мемлекет әйелдердің тұрғылықты жері мен қаржылық мүмкіндігіне қарамастан сапалы медициналық көмекке қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған шараларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.

Фото: Жасанды интеллект арқылы жасалды

Просмотров (82)
ТопДок 1