Көкпекті ауданында 30 жастағы әйел әлеуметтік желіден банк шотын жалға беру арқылы ақша табу туралы хабарландыруды көрген, деп хабарлайды Arnapress.kz Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Ұсынысқа қызығушылық танытып, Telegram арқылы белгісіз тұлғамен байланысқа шыққан. Оған әртүрлі адамдардан ақша аударымдарын қабылдау мақсатында өзінің банк шотын үшінші тұлғалардың пайдалануына беру ұсынылған. Бұл үшін әйелге ақшалай сыйақы уәде етілген.
Күмәнді операцияларға қатысудан бас тартуға мүмкіндігі бола тұра, ол ұсынысқа келісіп, банк шотын пайдалануға берген. 2026 жылғы 2-9 наурыз аралығында шотына әртүрлі тұлғалардан ақша қаражаты түскен. Шотын пайдалануға бергені үшін ол 40 000 теңге көлемінде сыйақы алған.
Сот әйелдің әрекетін банк шотын заңсыз пайдалануға үшінші тұлғаларға материалдық сыйақы үшін ұсыну ретінде саралаған.
Сот оның кінәсін толық мойындағанын, жасаған әрекетіне шын жүректен өкінгенін және асырауында кәмелетке толмаған балалары бар екенін жауаптылықты жеңілдететін мән-жайлар ретінде ескерді.
Нәтижесінде оған 20 АЕК мөлшерінде, яғни 86 500 теңге айыппұл тағайындалды. Сонымен қатар, Жәбірленушілерге өтемақы қорына 5 АЕК, яғни 21 625 теңге мөлшерінде мәжбүрлі төлем өндірілді.
Фото: Жасанды инттелект арқылы жасалды
