Лента новостей

Қазақстанда зейнетақы жинақтарының сақталуына берілетін кепілдік тәртібі өзгереді

зейнетақы, жинақтау, сақталу

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарының сақталуына берілетін мемлекеттік кепілдікті жүзеге асыру тәртібі өзгереді, деп хабарлайды Arnapress.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап. 

Бұл өзгеріс мемлекет зейнетақы жинақтарының сақталуына кепілдік беруден бас тартады дегенді білдірмейді. Мемлекеттік кепілдік сақталады, алайда оны жүзеге асыру тетігі өзгереді.

Қолданыстағы тәртіп бойынша азамат зейнетақы төлемдерін алуға құқылы болған кезде оның БЖЗҚ-ға нақты аударған зейнетақы жарналары инфляция деңгейі ескеріле отырып есептеледі. Егер осы сома мен БЖЗҚ-дағы нақты зейнетақы жинақтарының арасында айырмашылық туындаса, айырма республикалық бюджет қаражаты есебінен өтеледі.

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап бұл механизм өзгереді. Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінің 217-бабына сәйкес мемлекет БЖЗҚ-ға нақты аударылған зейнетақы жарналарының бастапқы мөлшерде сақталуына кепілдік береді.

Еңбек министрлігінің түсіндіруінше, бұған дейін азаматтардың зейнетақы жинақтарын инвестициялау процесіне тікелей ықпал ету мүмкіндігі шектеулі болды. Инвестициялық саясат мемлекет тарапынан айқындалып, салымшылардың өз қаражатын басқару мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, инвестициялық кірістілік инфляция деңгейінен төмен болған жағдайда туындайтын айырманы мемлекет өтейтін.

Қазіргі таңда салымшылардың өз зейнетақы жинақтарын басқарушы компанияны және инвестициялау стратегиясын таңдау мүмкіндігі кеңейіп келеді. Осыған байланысты мемлекеттік кепілдікті бұрынғы тәртіппен қолданудың бастапқы негізі өзгереді.

Сонымен қатар зейнетақы активтерін басқару жүйесі мемлекеттік бақылауда қала береді. Қазақстан Республикасының Президенті басқаратын Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңес инвестициялық саясаттың негізгі бағыттарын айқындайды, активтерді басқарудың тиімділігін арттыру жөніндегі ұсыныстарды қарайды және инвестициялау нәтижелері туралы есептерді тыңдайды.

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі зейнетақы активтерін инвестициялауға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізімін қалыптастырады. Ал Үкімет инвестициялық саясаттың тиісті тәсілдері мен негізгі параметрлерін бекітеді.

Осылайша, 2027 жылдан бастап ұсынылып отырған өзгерістер мемлекеттік кепілдікті жоюға емес, оны жүзеге асыру тетігін қазіргі зейнетақы активтерін басқару жүйесіне сәйкестендіруге бағытталған. Мемлекет зейнетақы жарналарының бастапқы мөлшерде сақталуына кепілдік беруді жалғастырады.

Фото: Жасанды интеллект арқылы жасалды

Просмотров (410)
ТопДок 1