Лента новостей

Абай облысында "Еңбек жолы" конкурсының жеңімпаздары анықталды

еңбек жолы, конкурс, жеңімпаздар, Абай облысы

Абай облысының әкімі Берік Уәли «Еңбек жолы» конкурсының өңірлік кезеңінде жеңімпаз атанған азаматтарды марапаттады, деп хабарлайды Arnapress.kz облыс әкімінің баспасөзіне сілтеме жасап. 

Биыл облыс бойынша конкурсқа 21 сәуір мен 1 тамыз аралығында 24 өтінім қабылданып, қатысушылар үш номинация бойынша бақ сынады.

"Үздік еңбек әулеті" номинациясында Аягөз қаласының Байғозовтар әулеті жеңімпаз атанды. Әулет мүшелерінің теміржол саласындағы жалпы еңбек өтілі 262 жылдан асады. Бірнеше ұрпақ бойы теміржол саласында еңбек етіп келе жатқан әулет – кәсіби сабақтастық пен адал еңбектің жарқын үлгісі.

"Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері" аталымында Курчатов қаласынан Альмира Айдарханова үздік деп танылды. Ол ҚР Ұлттық ядролық орталығының Радиациялық қауіпсіздік және экология институтында еңбек етеді. Ғылыми-зерттеу бағытында мол тәжірибесі бар маман 200-ге жуық ғылыми жұмыс пен жарияланымның авторы және бірлескен авторы. Оның жетекшілігімен 7 магистрант магистрлік диссертация қорғаған.

"Өндірістің үздік жас маманы" номинациясының жеңімпазы – Семей қаласының тұрғыны Айбол Тыныштықов. Ол еңбек жолын «Семей автоқұрастыру зауытында» слесарь-жинаушы болып бастап, кәсіби біліктілігі мен тәжірибесінің арқасында техникалық бөлімге инженер-технолог қызметіне дейін өскен.

Облыс әкімі Берік Уәли еңбек адамының қоғамдағы мәртебесін арттыруда, кәсіби шеберлікті дәріптеуде және ұрпақтар сабақтастығын нығайтуда "Еңбек жолы" конкурсының маңызы зор екенін атап өтті.

Өңірлік кезеңнің үш жеңімпазы енді республикалық іріктеу кезеңіне қатысады.

Сонымен қатар облыста халықты тұрақты жұмыспен қамту және кәсіпкерлік бастамаларды қолдау жұмыстары жалғасуда. Биыл Өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында 13 324 адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Жыл басынан бері 14 мыңға жуық азамат жұмысқа орналастырылды.

Фото: Облыс әкімінің баспасөзінен

Просмотров (423)
ТопДок 1