Лента новостей

Павлодарда жаңа туған қыз баланы сатуға әрекеттенген әйел сотталды

Павлодарда жаңа туған қыз баланы сатуға әрекеттенген әйел сотталды

Павлодарда жаңа туған нәрестені заңсыз сату фактісі бойынша қылмыстық іс қаралып, сот үкімі шықты, деп хабарлайды Arnapress.kz Баспрокуратураға сілтеме жасап.

Сотта анықталғандай, 2002 жылы туған Түркістан қаласының тұрғыны материалдық қиындықтарға байланысты әлі дүниеге келмеген баласын ақшаға сатуды жоспарлаған. Ол “ВКонтакте” әлеуметтік желісіндегі бала асырап алуға ниетті адамдар жиналған қауымдастыққа хабарландыру жариялап, сатып алушы тапқан.

2026 жылғы 28 наурызда әйел Павлодар облыстық №1 перинаталдық орталығында дені сау қыз баланы дүниеге әкелген.

Қала прокуратурасының үйлестіруімен жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары мен жасырын тергеу әрекеттері барысында заңсыз әрекет әшкереленді. 31 наурызда Павлодардағы пәтерлердің бірінде әйел жаңа туған нәрестені медициналық құжаттарымен бірге сатып алушыға беріп, 100 мың теңге көлемінде сыйақы алған.

Осы дерек бойынша Павлодар қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты әйелді ҚР Қылмыстық кодексінің 135-бабының 1-бөлігімен («Кәмелетке толмағандар саудасы») кінәлі деп таныды.

Сот оған қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеумен 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Алайда ҚР ҚК-нің 74-бабы негізінде жазаны өтеу 5 жыл мерзімге кейінге қалдырылды.

Прокуратура балаларға қатысты кез келген заңсыз мәміле қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын ескертеді. Мұндай қылмыстар құқық қорғау органдарының ерекше бақылауында.
Фото: ЖИ

 

Просмотров (86)
ТопДок 1