Лента новостей

Маңғыстауда әскери қызметшілердің қаза болуына қатысты бес лауазымды тұлға ұсталды

әскери, қызметші, ұсталды, Маңғыстау

Маңғыстау облысында "Хазар Қорғаны – 2026" оқу-жаттығуы кезінде әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты Қазақстан Қарулы күштерінің бес лауазымды тұлғасы ұсталды, деп хабарлайды Arnapress.kz Polisia.kz сілтеме жасап. 

ІІМ мәліметінше, ұсталғандар қызметке салғырт қарады және ауыр зардаптарға әкеп соққан кеме жүргізу қағидаларын бұзды деген күдікке ілінген.

Олардың қатарында ҚР Қарулы күштері Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы, екі әскери бөлімнің командирі, теңіз жаяу әскерлері ротасының командирі және катер командирі бар. Барлығы күдікті деп танылып, Ақтау қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қылмыстық істі ІІМ-нің әскери-тергеу бөлімшесі жүргізіп жатыр. Тергеу мәліметіне сәйкес, 24 қыркүйекте Ақтау қаласынан шамамен 43 шақырым жерде оқу-жаттығу кезінде "Қайсар" катерінен әскери қызметшілерді түсіру барысында қолайсыз метеорологиялық жағдайда бірқатар әскери қызметшіні теңіз ағысы алып кеткен.

Қазір тергеу барысында оқу-жауынгерлік міндетті ұйымдастыру және орындау кезінде қабылданған шешімдер, қауіпсіздік талаптарының сақталуы, гидрометеорологиялық жағдайдың ескерілуі, катердің техникалық жай-күйі және әскери қызметшілердің қауіпсіздігіне жауапты лауазымды тұлғалардың әрекеттері зерттеліп жатыр.

ІІМ мәліметінше, барлық күдіктілердің әрекетіне заңда белгіленген тәртіппен құқықтық баға беріледі. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысы Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураның ерекше бақылауында.

Фото: Жасанды интеллект арқылы жасалды

Просмотров (113)