Лента новостей

Дәрігерге жазылудағы кедергілер жойылады: емханалар бақылауға алынды

медицина, дәрәгер, кезек

Қазан айынан бастап өңірлерде алғашқы медициналық-санитариялық көмек (МСАК) ұйымдарының жұмысына жүйелі талдау жүргізіледі. Әсіресе учаскелік дәрігерлер мен бейінді мамандарға жазылу мүмкіндігі тұрақты бақылауда болады, деп хабарлайды Arnapress.kz Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап. 

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді. Министрдің айтуынша, пациент дәрігерге ешқандай артық ұйымдастырушылық кедергісіз жазылып, қажетті медициналық көмекті уақтылы ала алуы тиіс.

"Егер адам емханаға барып, дәрігерге жазыла алмаса, медициналық көмектің қолжетімділігі туралы қалай айтуға болады? Бұл – жергілікті жерде қамтамасыз етілуге тиіс базалық мәселелер", – деді Ақмарал Әлназарова.

Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық бақылау комитеті жүргізген талдау барысында пациенттердің учаскелік дәрігерлерге де, бейінді мамандарға да өз бетінше жазылуына қатысты шектеулер анықталған.

Комитет төрайымы Лаурра Ахметнияздың айтуынша, кейбір медициналық ұйымдарда дәрігерлердің қабылдау кестелері болғанымен, пациенттердің сол кестеге сәйкес өздігінен жазылу мүмкіндігі әлі де шектеулі.

"Проблема тек қабылдау кестелерінің болуында емес, пациенттің қабылдауға өз бетінше жазыла алу мүмкіндігінде. Анықталған кемшіліктер бойынша медициналық ұйымдарға тиісті ұсынымдар жіберіледі", – деді Лаурра Ахметнияз.

Министр денсаулық сақтау басқармаларына медициналық көмектің қолжетімділігін тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Оның айтуынша, халық қажетті ақпаратты онлайн да, офлайн да еркін ала алуы қажет.

"Адам емханаға келіп, өзіне қажетті барлық ақпаратты алуы тиіс. Дәрігерге жазылу мүмкіндігін қамтамасыз ету – жергілікті жерлердегі денсаулық сақтау жүйесінің күнделікті жұмысы", – деді министр.

Қазан айынан бастап аумақтық бөлімшелер мен бейінді департаменттер МСАК ұйымдарының белгіленген стандарттарға сәйкестігіне кешенді талдау жүргізеді. Мониторинг тек дәрігерге жазылу мүмкіндігін ғана емес, медициналық көмекті ұйымдастырудың жалпы мәселелерін де қамтиды.

Осылайша, емханалардағы пациенттер үшін медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру және дәрігер қабылдауына жазылудағы ұйымдастырушылық кедергілерді азайту негізгі бақылау бағыттарының біріне айналады.

Фото: Жасанды интеллект арқылы жасалды

Просмотров (123)
ТопДок 1