Әкімдік отырысында қала құрылысы, қолжетімді орта және «Таза Қазақстан» мәселелері қаралды, деп хабарлайды Arnapress.kz облыс әкімдігі баспасөзіне сілтеме жасап.
Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен әкімдік отырысында елді мекендердің қала құрылысы құжаттамасын әзірлеу барысы, инфрақұрылым нысандарының мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолжетімділігін қамтамасыз ету және “Таза Қазақстан” экологиялық бағдарламасының іске асырылуы талқыланды.
Отырыста Семей қаласының бас жоспарына енгізіліп жатқан өзгерістер, жаңа әкімшілік-іскерлік орталық, 15-шағын аудан және “Қарағайлы” тұрғын ауданы бойынша егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары сөз болды. Сондай-ақ Курчатов пен Шар қалаларындағы қала құрылысы құжаттамасын жаңарту жұмыстары қаралды.
Аймақ басшысы қала құрылысы құжаттарын әзірлеу жұмыстарын жеделдетіп, Семей, Аягөз, Курчатов және Шар қалаларындағы жобаларды белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Берік Уәли жаңа Құрылыс кодексінің талаптарын қатаң сақтаудың маңызын атап өтіп, тұрғындар үшін қолжетімді әрі қауіпсіз орта қалыптастыруды міндеттеді. Атап айтқанда, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың тұрғын, қоғамдық және өндірістік нысандарға кедергісіз қол жеткізуін қамтамасыз ету, сондай-ақ арнайы автотұрақ орындарын қарастыру қажеттігін айтты.
Фото: Абай облысы әкімдігінің баспасөзінен
