Лента новостей

Абай облысында Жалаңашкөл теміржол вокзалы жаңартылып, пайдалануға берілді

Абай облысында Жалаңашкөл теміржол вокзалы жаңартылып, пайдалануға берілді

Абай облысының Мақаншы ауданында Жалаңашкөл теміржол вокзалы толық жаңартылып, пайдалануға берілді, деп хабарлайды Arnapress.kz облыс әкімдігінің баспасөзіне сілтеме жасап.

Салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Бекжан Бапышев қатысты.

Жаңғырту жұмыстары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес “Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясының вокзал инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасы аясында жүргізілді. Бағдарлама бойынша республика көлемінде 124 вокзалды, оның ішінде Абай облысындағы 10 нысанды жаңарту жоспарланған.

1958 жылы салынған Жалаңашкөл вокзалының ғимараты реконструкция нәтижесінде 89 шаршы метрден 527 шаршы метрге дейін кеңейтілді. Ішкі бөлмелер қайта жабдықталып, жолаушыларды күту және қызмет көрсету орындары заманауи талаптарға сәйкестендірілді. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы жағдай жасалды.

Жалаңашкөл станциясы Мақаншы ауданының көлік қатынасында маңызды орын алады. Мұнда “Астана–Достық”, “Алматы–Достық”, “Ақтоғай–Достық” бағыттарындағы пойыздар, сондай-ақ жазғы маусымда “Семей–Жалаңашкөл” туристік пойызы қатынайды. Станциядағы жолаушылар қозғалысы тәулігіне орта есеппен 118 адамды құрайды.

Жалаңашкөл вокзалы – биыл Абай облысында жаңартылып, пайдалануға берілген жетінші теміржол нысаны. Бұған дейін Ауыл, Белағаш, Дегелең, Шар, Үшбиік және Жарма станцияларындағы вокзалдар жаңартылып, жолаушылар игілігіне берілді.

Ал қыркүйек айында Семей және Аягөз қалаларындағы, сондай-ақ Ақтоғай кентіндегі теміржол вокзалдарын пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Жаңғырту жобаларының негізгі мақсаты – тұрғындар мен жолаушыларға қолайлы жағдай жасау, қауіпсіздік деңгейін арттыру және теміржол инфрақұрылымын заманауи талаптарға сәйкестендіру.
Фото: Облыс әкімінің баспасөзінен

Просмотров (124)
ТопДок 1