Лента новостей

Абай облыынд үш теміржол вокзалы пайдаланға берілді

Абай облыынд үш теміржол вокзалы пайдаланға берілді

Абай облысының Жарма ауданында Үшбиік, Жарма және Шар станцияларындағы жаңартылған теміржол вокзалдары пайдалануға берілді, деп хабарлайдыArnapress.kz облыс әкімдігінің баспасөзіне сілтеме жасап.

Бұл жұмыстар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының вокзал инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Бағдарлама бойынша республика көлемінде 124 вокзалды, оның ішінде Абай облысындағы 10 нысанды жаңғырту жоспарланған.

Үш вокзалдың ашылу салтанатына облыс әкімі Берік Уәли қатысып, теміржол инфрақұрылымын жаңарту тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Шар станциясындағы вокзалдың аумағы 413-тен 654 шаршы метрге дейін ұлғайтылып, ғимарат екі қабатты нысанға айналды. Лифт орнатылып, жолаушыларға арналған күту және қызмет көрсету орындары жаңартылды. Сонымен қатар ұзындығы 716 метр болатын аралдық перрон салынды.

Үшбиік станциясында вокзал аумағы 83,7-ден 201,1 шаршы метрге дейін кеңейтіліп, ішкі бөлмелер толық жаңартылды.

Ал Жарма станциясында ескі ғимараттың орнына жаңа вокзал салынды. Нысанның аумағы 217-ден 347,7 шаршы метрге дейін ұлғайып, 420 метр перрон жаңартылды.

Жаңартылған үш станция арқылы Семей–Астана, Новосибирск–Алматы, Павлодар–Алматы, Семей–Қызылорда және Өскемен–Алматы бағыттарындағы жолаушылар пойыздары қатынайды.

Барлық вокзалда жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығына, сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін қолжетімді орта қалыптастыруға басымдық берілген.

Фото: облыс әкімдігі баспасөзінен

Просмотров (104)
ТопДок 1