Семей қаласындағы сауда нысандарын жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасып жатқаны жайлы 24 тамызда облыс әкімінің баспасөзі хабарлаған еді. Қаладағы бірқатар базарлар мен сауда үйлеріне арнайы барып, жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысымен Arnapress.kz тілшісі танысып қайтты.
Қазіргі таңда “СМОКК”, “Мереке”, “Жансая”, “Нива” бірқатар сауда нысандарында құрылыс, жөндеу және абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Мәселен, “СМОКК” базарында құрылыс-монтаж жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде дегенмен біз барған уақытта бірде-бір жұмысшы көрмедік. Жұмыс басталып, аяқсыз тұр әлі де.
Ал “Мереке” базарында сауда қатарларын жаңарту мақсатында демонтаж жұмыстары жүргізіліп, жаңа нысандарды орналастыруға дайындық жасалуда.
“НИВА” сауда үйінде шатыр толық ауыстырылып, ғимараттың қасбеті сырланған. Техникалық бөліктегі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Сонымен қатар, жаңа сауда павильондары орнатылып жатыр. Кіреберіс бөлігін абаттандыру және гранитпен қаптау жұмыстары жасалуда.

Сондай-ақ “Жансая” базарында да қасбетті жаңарту, фиброцементті плиталарды монтаждау, шатырды сырлау және аумақты абаттандыру жұмыстары жоспарланған. Алайда нысанға барған кезде аталған жұмыстардың барысын тікелей көруге мүмкіндік болмады, себебі сыртында жұмысшылар байқалмады.

Жалпы, облыс әкімі Семейдегі сауда нысандарын жаңғырту жұмыстары қала инфрақұрылымын жақсартудың маңызды бағыттарының бірі деген еді.

Сауда нысандарын жаңғырту бойынша жұмыстардың сапалы әрі уақытылы аяқталуы қала тұрғындары мен кәсіпкерлер үшін ортақ маңызға ие. Қазір бірқатар нысанда жұмыстар жүріп жатса, кейбірінде құрылыс қарқыны байқалмайды. Осыған байланысты тұрғындарды да, кәсіпкерлерді де алаңдататын негізгі сұрақ - жаңғырту жұмыстары нақты қашан аяқталып, сауда нысандары толықтай пайдалануға беріледі?
Фото: Arnapress,kz
