Лента новостей

Қоқыс пен қараңғылық: Семейдегі үй тұрғындары аула мәселесін көтерді

аула, қоқыс, балалар, жарық

Семей қаласындағы Титова көшесі, 130 мекенжайында тұратын тұрғындар редакцияға хабарласып, ауладағы жағдайға алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды Arnapress.kz.

Тұрғындардың айтуынша, көпқабатты үйдің ауласы ұзақ уақыттан бері тиісті күтім көрмей келеді. Аумақта қоқыс көбейіп, контейнерлердің іші ғана емес, айналасы да тұрмыстық қалдықтарға толып кеткен.

Бұдан бөлек, ауладағы балалар ойын алаңы да ескірген. Тұрғындар балалардың қауіпсіз әрі қолайлы жерде ойнайтын мүмкіндігі жоқ екенін айтады. Ал кешкі уақытта аулада жарықтың болмауы жағдайды одан әрі қиындата түседі.

"Жердің бәрі қоқыс. Қоқыс жәшіктері де толып тұр, сыймайды. Бізде КСК да жоқ. Жарық та жоқ, кешкілік аула қап-қараңғы. Балалар ойнайтын алаң да жоқ. Балаларға обал", – дейді тұрғындар.

Тұрғындар ауладағы санитарлық жағдайды ретке келтіріп, қоқыс контейнерлерін уақытылы тазалауды, аумақты жарықтандыруды және балалар ойын алаңын жаңартуды сұрайды.

Олардың сөзінше, бұл мәселе әсіресе балалардың қауіпсіздігі мен аула тұрғындарының қалыпты өмір сүруіне тікелей әсер етеді.

Тұрғындар тиісті мекемелерден мәселені назарға алып, нақты шара қабылдауды күтеді.

Еске салайық, “Сіздің жаңалығыңыз” айдарына хабарлама жіберу үшін WhatsApp +7 708 504 30 05 нөміріне жазсаңыз болады.

Фото:тұрғындардан

Просмотров (241)
ТопДок 1