Өскемен қаласында “Азаматтарға арналған үкімет” Мемлекеттік корпорациясы” КЕАҚ филиалы директорының бұрынғы орынбасары А.А. Рахымжанов пен Д.М. Нұртазинге қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Arnapress.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап.
Сот оларды Ұлан ауданындағы Шыбынды учаскесінде заңсыз алтын өндіруді ұйымдастырғаны үшін кінәлі деп таныды.
Заңсыз жұмыстар өздеріне бағынысты “EastGoldStone” ЖШС арқылы жүргізілген. Серіктестіктің қатты пайдалы қазбаларды барлауға ғана лицензиясы болғанына қарамастан, учаскеде экскаваторлар, тиегіштер, самосвалдар және жуу жабдықтары қолданылып, алтын өндірілген.
Заңсыз өндірілген алтынның көлемі 15 келіден астам, жалпы құны 844 млн теңгеден жоғары болған.
Тергеу барысында құны 382 млн теңге болатын 6,7 кг алтын және 579 грамм күміс тәркіленді.
Заңсыз әрекеттер салдарынан 18,2 гектар жер бүлінген.
Мемлекеттік орман қорына жататын ағаштар мен бұталар жойылып, зақымдалған.
Қоршаған ортаға келтірілген залалды жоюға қажетті жұмыстардың құны 300 млн теңгеден астам.
Сот шешімімен жалпы құны 372 млн теңге болатын мүлік тәркіленді. Оның ішінде 4 жүк көлігі, 2 экскаватор, 2 тиегіш, гидрожуу құрылғысы, сондай-ақ 10 млн теңге және 56 мың АҚШ доллары көлеміндегі қолма-қол ақша бар.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Фото: Жасанды интеллектуалды арқылы
