Лента новостей

Абай облысында қарияларға құрмет көрсетілді

қарттар, құрмет, мереке, Семей

1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай Семей қаласында аға буын өкілдеріне арналған салтанатты қабылдау өтті, деп хабарлайды Arnapress.kz облыс әкімдігінің баспасөзіне сілтеме жасап. 

Жиынға Абай облысының әкімі Берік Уәли мен өңірдің қала-аудандарынан келген ардагерлер қатысты.

Өңір басшысы қарияларды мерекемен құттықтап, олардың ел дамуына қосқан үлесі мен кейінгі ұрпаққа қалдырған тағылымы туралы атап өтті.

"Қарты бар үйдің қазынасы бар" дейді халқымыз. Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен елге сіңірген еңбектеріңіз – кейінгі буын үшін баға жетпес өнеге. Үлкенді сыйлау, ақсақалды төрге шығару, ақ жаулықты ананы ардақтау – халқымыздың ғасырлардан жалғасқан асыл дәстүрі. Бұл құндылықтарды ұрпақ санасына сіңіруде сіздердің ақыл-кеңестеріңіз бен өнегелеріңіздің орны ерекше", – деді Берік Уәли.

Шара барысында өңірдің түрлі салаларында абыройлы еңбек еткен ардагерлерге "Абай облысына сіңірген еңбегі үшін" төсбелгісі, облыс әкімінің Алғыс хаттары, республикалық Ардагерлер ұйымының "Құрмет" төсбелгісі табысталды.

Жылы жүздесуде ардагерлер елдің береке-бірлігі, жас ұрпақтың болашағы мен қоғамның дамуы жайлы ой-пікірлерін ортаға салды.

Абай облысында ардагерлерді қолдау бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде. Биыл Ұлы Отан соғысының ардагеріне 5 миллион теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілсе, Жеңіс күні қарсаңында 1 146 адамға 158 мың теңгеден біржолғы көмек берілді.

Бүгінде өңірде 2 639 зейнеткер арнайы әлеуметтік қызметтермен қамтылған. Сонымен қатар облыста 395 бастауыш ардагерлер ұйымы, 2 қалалық және 10 аудандық ардагерлер кеңесі жұмыс істейді.

Қариялардың белсенді өмір салтын жалғастыруына да жағдай жасалуда. Өңірде 2 "Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы" жұмыс істейді. Биыл олардың қатарына Курчатов қаласында ашылған жаңа орталық қосылды. Семей қаласындағы орталықтың 3 филиалы бар. Қазіргі таңда аталған орталықтарда 608 зейнеткер түрлі қызметтермен қамтылып отыр.

Фото: Абай облысы әкімінің баспасөзінен

Просмотров (139)