Қазақстанда кохлеарлық импланты бар балалардың есту және сөйлеу қабілетін оңалтуға бағытталған жаңа модель енгізіліп жатыр, деп хабарлайды Arnapress.kz ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Жаңа жүйенің басты ерекшелігі – баланы қысқа мерзімді оңалту курстарымен шектемей, жыл бойы үздіксіз сүйемелдеу. Бұл ретте цифрлық технологиялар мен қашықтан оңалту әдістері кеңінен қолданылады.
Жаңа модель әсіресе шалғай өңірлерде тұратын балалар үшін маңызды. Себебі бейінді мамандардың басым бөлігі ірі қалаларда шоғырланғандықтан, кей отбасылардың оңалту сабақтарына тұрақты қатынауына мүмкіндік бола бермейді. Осыған байланысты қашықтан сабақтар мен мамандардың қатысуымен өтетін қарқынды оңалту курстары өзара ұштастырылады.
Бағдарламаға қабылданған әр балаға жеке оңалту маршруты әзірленеді. Алғашқы кезеңде баланың жағдайын сурдопедагог, логопед, психолог және қажет болған жағдайда дефектолог пен емдік дене шынықтыру маманы кешенді бағалайды. Әлеуметтік педагог баланың білім алу бағытын анықтаса, куратор отбасы мен мамандар арасындағы байланысты үйлестіреді.
Екінші аптадан бастап бала белгіленген кесте бойынша онлайн сабақтарға қатысып, бейнематериалдармен жұмыс істейді және үй тапсырмаларын орындайды. Куратор оның сабаққа қатысуын, тапсырмаларды орындауын және даму динамикасын тұрақты бақылап, ата-аналармен кері байланыс жүргізеді.
Жылдық оңалту бағдарламасы екі негізгі кезеңнен тұрады. Бірінші кезең толықтай қашықтан жүргізіліп, жыл бойына жоспарланған төрт онлайн оңалту циклін қамтиды. Екінші кезеңде қашықтан сүйемелдеу оңалту мекемесінде өтетін 15 күндік қарқынды курспен толықтырылады. Қажетті көрсетілімдер болған жағдайда балалар мамыр-тамыз айларында осы курсқа жіберіледі. Курс аяқталғаннан кейін онлайн сүйемелдеу қайта жалғасады.
Баланың қажеттілігіне қарай оңалтудың үш деңгейінің бірі белгіленеді: қолдаушы, белсенді және қарқынды. Оңалту деңгейі баланың есту және сөйлеу дағдыларының қалыптасуына, даму қарқынына және қосымша қолдау қажеттілігіне қарай анықталады. Аралық бағалау нәтижесінде оның деңгейі қайта қаралуы мүмкін.
Бағдарламада ата-ананың рөліне де ерекше мән беріледі. Олар үй жағдайында мамандар ұсынған жаттығуларды баламен бірге орындайды, тапсырмалардың нәтижесін тіркеп, цифрлық бақылау күнделігін жүргізеді. Осы мәліметтер мамандарға баланың даму динамикасын бақылап, жеке оңалту маршрутын уақытылы түзетуге мүмкіндік береді.
Оңалту нәтижелері үш кезеңде бағаланады: бастапқы диагностика, аралық мониторинг және қорытынды бағалау. Мамандар баланың есту арқылы қабылдауын, сөйлеуін, қарым-қатынас және танымдық дағдыларын бағалайды.
Фото: Жасанды интеллект арқылы жасалды
