2026 жылдың қыркүйегінде ҰҚК Бас прокуратурамен бірлесіп, Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің "Семей орманы" мемлекеттік орман табиғи резерватының лауазымды тұлғаларының құқыққа қайшы әрекеттерін анықтап, жолын кесті, деп хабарлайды Arnapress.kz ведомствоға сілтеме жасап.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, іс фигуранттары ақшалай сыйақы үшін ең өтімді орман учаскелеріне кедергісіз қолжетімділікті қамтамасыз етіп, ағаштарды жаппай заңсыз кесу және өткізу бойынша тұрақты схема ұйымдастырды деп күдіктелуде.
Тінту барысында бухгалтерлік құжаттар, ағаш кесуге арналған орман орамдары мен ақша қаражатын бөлу туралы қолжазба жазбалар және өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленді.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабы 1-бөлігіне сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Кінәлілігі соттың заңды күшіне енген үкімімен дәлелденбейінше, әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.
Фото: ҰҚК Бас прокуратурасы видеосынан скрин
