Лента новостей

Семейдегі Восточный тұрғындарының жанайқайы: “Жөнделген жолымызды қайтадан қазбақшы”

жол, қайта қазу, су құбыры, Восточный

Семей қаласындағы Восточный кентінің 2-саяжай тұрғындары жаңадан жөнделген жолдың қайта қазылуына қарсы екеніндерін айтуда, деп хабарлайды Arnapress.kz

Өткен жылы Семей қаласындағы Восточный кентінің 2-саяжай аумағындағы бірқатар көшеге инертті материал төселіп, грейдерлеу жұмыстары жүргізілген болатын. Соның арқасында тұрғындар жылдар бойы батпақ пен лайдан көз ашпай келген жолдың жағдайы жақсарғанын айтады. Алайда арада жарты жыл өтпей жатып, дәл осы жолды су құбырын тарту үшін қайтадан қазу жоспарланып отырғаны тұрғындардың наразылығын тудырып жатыр. 

Тұрғындардың айтуынша, өткен жылдың қараша айында шамамен 500 метр жол бюджет қаражатына жөнделген.

“Былтыр бюджеттен қаржы бөлініп, жолды әрең жөндеттік. Біз суымызды төрт жыл бұрын өткізіп қойғанбыз. Енді сол кезде су тартпағандар осы жолды қайта қазамыз деп отыр. Бірақ басқа балама бағыттар бар, су құбырын басқа жақпен де жүргізуге болады. Жаңадан жасалған жолды бүлдірудің қажеті жоқ. Ол ақшаға одан да басқа көшелерді неге жөндемеске? Мамандардың өздері бұл жолға шамамен 20 миллион теңге жұмсалғанын айтты. Сол қаржыны жердің астына көміп тастағанмен бірдей болады. Көршілерге де су керек екенін түсінеміз, бірақ оны басқа жолмен шешуге болады”, – дейді тұрғындар.

Олардың сөзінше, бір көшеде екі су құбырының қатар орналасуы да болашақта апат болған жағдайда қиындық туғызуы мүмкін. Егер біз орнатқан су құбырлары зақымданса кім жауап береді, деп алаңдаулы. Басқа жолмен қазуға болатын жолын көршілері өз аула ішінен қазғылары келмей, ақша да үнемдегісі келіп отыр, дейді. Бұл мәселемен тұрғындар бірнеше рет қала әкімі Әділет Қожанбаевтың қабылдауында болған. Алайда олар әкімнің қабылдаудағы қарым-қатынасына да көңілдері толмағанын жеткізді.

 “Қала әкіміне барып жағдайды түсіндірдік. Бірақ бізбен дөрекі сөйлесті. “Балаларың жоқ па, басқа істейтін шаруаларың жоқ па?” деген сөз естідік. Әр мәселені жан-жақты қарап, халықтың пікірін тыңдау керек. Көпшіліктің көзінше бұлай сөйлеуге болмайды деп ойлаймыз»”, – дейді тұрғындар.

Осыған байланысты редакция Семей қаласының “Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары” бөліміне хабарласып, ресми түсініктеме алып көрді.

Ведомствоның мәліметінше, аталған аумақтағы тұрғындардың бір бөлігі үйлерін орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосуды жоспарлаған. Осыған байланысты қала әкімінің рұқсатымен су құбырын жүргізу жұмыстары келесі аптада басталуы мүмкін. Және алдағы жылдары толық асфальтталады, бірақ нақты қай жылы екені белгісіз

“Аталған жұмыстарды орындау барысында жол жабынын уақытша қазу қажеттілігі туындайды. Бұл барлық тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған маңызды инфрақұрылымдық жоба екенін атап өтеміз. Сонымен қатар, алдағы жылдары осы учаскеде асфальт төсеу жұмыстары жоспарланған жағдайда, алдымен инженерлік желілерді, оның ішінде су құбырларын толық жүргізу қажет. Себебі асфальт төселгеннен кейін жол жабынын қайта қазу орынсыз әрі бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына әкеледі”, - деп жауап берді бөлім.
 

Алайда редакция бұл мәселе бойынша Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне де сауал жолдаған. ТҮКШ бөлімінің мәліметінше, дәл осы мекенжай бойынша су құбырын жүргізу жұмыстары бөлімнің жоспарына енгізілмеген.

“Аталған мекенжайда су құбырын жүргізу жұмыстары ТҮКШ бөлімі тарапынан жоспарланбаған. Егер тұрғындар су тарту жұмыстарын өз қаражаты есебінен жүргізуді көздесе, онда олар міндетті түрде “Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі” мемлекеттік мекемесінен тиісті рұқсат алуы қажет», – делінген ресми жауапта.

Осылайша, тұрғындардың айтуынша, бюджет есебінен жөнделген жол қайта қазылғалы тұр. Енді тұрғындар жаңадан жөнделген жолдың сақталуын және су құбырын балама бағытпен жүргізу мүмкіндігін қарастыруды сұрап отыр. Айта кетейік, су құбырын тұрғындар өз қаражатына орналастырмақшы.

Фото: Arnapress.kz

Просмотров (352)
ТопДок 1