Лента новостей

Заңсыз онлайн-казиноны жарнамалады деген күдікпен іздеуде жүрген қазақстандық Вьетнамнан экстрадицияланды

заңсыз, ойын, эктрадация, жаза

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мен Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері Қазақстанның Вьетнам Социалистік Республикасындағы Елшілігінің қолдауымен заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыруға жәрдемдесті деген күдікке ілінген Қазақстан азаматын елге экстрадициялады, деп хабарлайды Arnapress.kz ҚР Бас прокуратурасына сілтеме жасап.

Тергеу мәліметінше, күдікті 2025 жылдың қаңтарында әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы заңсыз интернет-казиноны жарнамалап, Қазақстан азаматтарын құмар ойындарға қатысуға тартқан. Бұл қызметі үшін оның криптовалюталық әмиянына шамамен 200 мың АҚШ доллары көлемінде қаражат түскені анықталған.

Құқық қорғау органдарының мәліметіне сәйкес, қылмыстық топ 2021–2025 жылдар аралығында Қазақстан аумағында бірнеше заңсыз онлайн-казиноның қызметін ұйымдастырып, төлем терминалдары арқылы 106 миллиард теңгеден астам қаражатты заңсыз айналымға енгізген.

Қазіргі таңда қылмыстық топтың тоғыз мүшесі қамауға алынған. Қалған күдіктілерге, оның ішінде экстрадицияланған азаматқа халықаралық іздеу жарияланған болатын.

Биылғы маусым айында күдікті Интерполдың Ұлттық орталық бюросының сұрауы бойынша Вьетнам аумағында ұсталып, Қазақстан Бас прокуратурасының өтініші негізінде елге экстрадицияланды.

Қазір ол тергеу изоляторына қамалды. Заңнамаға сәйкес, тағылған айып дәлелденген жағдайда күдікті мүлкі тәркіленіп, жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Фото: Бас прокуратура видеосынан скриншот

Просмотров (211)
ТопДок 1