Қазақстанда есту қабілеті бұзылған азаматтарға медициналық көмектің қолжетімділігі кеңейтілді, деп хабарлайды Arnapress.kz ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Енді медициналық көрсетілімдер болған жағдайда пациенттер мүгедектік мәртебесіне қарамастан есту аппараттарымен қамтамасыз етіледі. Бұған дейін есту аппараттары әлеуметтік қорғау жүйесі арқылы тек есту қабілетінің ауыр бұзылысына байланысты мүгедектігі бар азаматтардың жекелеген санаттарына ғана берілетін. Енді заңнамаға енгізілген өзгерістердің нәтижесінде сурдолог дәрігердің қорытындысы негізінде есту аппараты қажет барлық пациенттер бұл көмекке қол жеткізе алады.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, есту аппаратын алу үшін пациент сурдологтың тексеруінен өтіп, медициналық қорытынды алуы қажет. Жаңа жүйе аясында азаматтар құрылғыны іріктеу, баптау, құлақ қалыптамасын дайындау, пайдалану бойынша оқыту, сондай-ақ кепілдік және кепілдіктен кейінгі сервистік қызметтермен қамтамасыз етіледі.
Сонымен қатар елімізде есту қабілетінің бұзылуын ерте анықтау бағытындағы жұмыстар да күшейтілуде. Аудиологиялық скринингке цифрлық бақылаудың енгізілуі балалар арасындағы есту қабілеті бұзылыстарын анықтау көрсеткішін үш еседен астам арттыруға мүмкіндік берді.
Қазіргі уақытта елімізде мамандандырылған сурдологиялық кабинеттер жұмыс істейді. Онда диагностика жүргізіліп, есту аппараттары іріктеледі және есту-сөйлеу оңалту қызметтері көрсетіледі. Ал есту қабілеті ауыр дәрежеде бұзылған балаларға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен МӘМС жүйесі аясында кохлеарлық имплантаттау және сүйек өткізгіштігі имплантаттарын орнату қызметтері қолжетімді.
Министрлік жаңа жүйені іске асыруға қажетті нормативтік және ұйымдастырушылық дайындық жұмыстарын толық аяқтаған. Алдағы кезеңде өңірлерде қаржыландыру бөлініп, мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізіледі.
Жаңа тетік мыңдаған қазақстандыққа мүгедектік мәртебесін рәсімдемей-ақ қажетті есту оңалту көмегін уақытылы алуға және олардың өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Фото: ЖИ
