Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен “Жасыл даму” АҚ кәдеге жарату төлемдері есебінен Абай облысындағы “Семей орманы” мемлекеттік орман табиғи резерватының материалдық-техникалық базасын жаңартуға 3,1 млрд теңгеден астам қаражат бөлді, деп хабарлайды Arnapress.kz министрлікке сілтеме жасап.
Жоба аясында резерватқа 39 өрт сөндіру автоцистернасы, 10 трактор және 26 жол талғамайтын көлік сатып алынды. Бұл техника орман өрттеріне жедел әрекет етуге, өрт қауіпті маусымға дайындықты күшейтуге және орман қорын қорғау тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Материалдық-техникалық базаны жаңарту төтенше жағдайларға ден қою уақытын қысқартып, өртке қарсы іс-шаралардың тиімділігін арттыруға бағытталған. Жаңа техникалар резерват қызметкерлерінің жұмысын жеңілдетіп, табиғи байлықты қорғауға елеулі үлес қосады.
Аталған жоба еліміздің орман қорын сақтау, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және табиғи экожүйелерді қорғау жөніндегі мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып табылады.
Фото: Министрліктен
