Бақты – Аягөз жаңа теміржол желісінің құрылысында жер төсемін төгу бойынша тәуліктік өндірістік рекорд орнатылды, деп хабарлайды Arnapress.kz ҚТЖ сілтеме жасап.
22 шілдеде бір тәулікте 259 мың текше метр жер төсемі төгіліп, бұл жоба басталғалы бергі ең жоғары көрсеткіш болды.
"Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ мәліметінше, шілде айындағы орташа тәуліктік жоспар 206,1 мың текше метр болса, нақты орташа көрсеткіш 217,3 мың текше метрді құрады. Осылайша, рекордтық нәтиже жоспардан 26 пайызға, ал айдың орташа нақты көрсеткішінен 19 пайызға жоғары болды.
Құрылыстың жоғары қарқыны жұмысты тиімді ұйымдастыру, тәулік бойы жүргізілетін өндірістік цикл және құрылыс барысын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік беретін заманауи цифрлық басқару жүйелерінің арқасында қамтамасыз етілуде.
Қазіргі таңда жоба аясында 25 миллион текше метрден астам жер жұмыстары орындалды. Құрылысқа 1,3 мыңнан астам маман мен 900-ге жуық арнайы техника жұмылдырылған.
Ұзындығы 303 шақырым болатын Бақты – Аягөз теміржол желісі Қазақстанның ірі инфрақұрылымдық жобаларының бірі саналады. Жаңа магистраль Қытаймен үшінші теміржол шекара өткелін ашуға мүмкіндік беріп, көлік дәлізінің өткізу қабілетін жылына 25 миллион тоннаға дейін арттырады және еліміздің транзиттік әлеуетін күшейтуге ықпал етеді.
Фото: ҚТЖ
