Лента новостей

Ломбардтағы мерзімі өткен төлемдер несие тарихына әсер етпеуі мүмкін

ломбард, несие, жоспар

Қазақстанда ломбардтардан автокөлік пен өзге де жылжымалы мүлік кепілімен алынған микрокредиттер бойынша мерзімі өткен төлемдер туралы ақпаратты несие тарихынан алып тастау жоспарланып отыр, деп хабарлайды Arnapress.kz ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне сілтеме жасап.

Тиісті құжатты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) әзірледі.

Жобаға сәйкес, өзгерістер күшіне енгеннен кейін несие есебінде мұндай микрокредиттер бойынша төлемнің қанша күнге кешіктірілгені, мерзімі өткен берешек сомасы, есептелген айыппұлдар мен өсімпұлдар, сондай-ақ соңғы төлем жасалған күн көрсетілмейді.

Сонымен қатар, несие бюролары қарыз толық өтеліп, шарт тоқтатылғанға дейін мұндай микрокредиттің мәртебесін «Қолданыстағы» ретінде көрсетуге міндетті болады.

Бұдан бөлек, несие есептерінде азаматтың несие алудан ерікті түрде бас тарту белгісін қойғаны немесе оны алып тастағаны туралы ақпарат та көрсетіледі.

ҚНРДА қаулысының жобасы алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік 10 күн өткен соң күшіне енеді.

Еске салайық, бұған дейін Ұлттық банк қарыз алушыларды бағалаудың жаңа тетігін – қарыздың табысқа арақатынасы (ҚТА) коэффициентін енгізу мүмкіндігін қарастырып жатқаны хабарланған болатын. Бұл көрсеткіш азаматтың ай сайынғы табысының қанша бөлігі несие төлемдеріне жұмсалатынын анықтайды. Егер борыштық жүктеме жоғары болса, банк жаңа несие беруден бас тартуы мүмкін. Әзірге бұл талаптар қабылданған жоқ және талқылау жалғасып жатыр.

Фото: ЖИ

Просмотров (103)
ТопДок 1