Лента новостей

Абай облысының шеберлері екі күнде 4,8 млн теңгеден астам табыс тапты

Абай облысының шеберлері екі күнде 4,8 млн теңгеден астам табыс тапты

1-2 тамыз күндері Астанадағы Qazaq Creative Hub алаңында өткен Creative Aimaq республикалық жобасы аясындағы "Тұңғыштар мекені – киелі Абай елі" атты жәрмеңке Абай облысының шығармашылық әлеуетін кеңінен таныстырды, деп хабарлайды Arnapress.kz ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.

Жәрмеңкеде өңір шеберлері мен дизайнерлерінің 842 авторлық туындысы ұсынылды. Оның ішінде сәндік-қолданбалы өнер бұйымдары, кескіндеме туындылары, ұлттық және заманауи киімдер, зергерлік әшекейлер, ұлттық музыкалық аспаптар, интерьерге арналған бұйымдар, кәдесыйлар және ұлттық тәттілер көпшілік назарына ұсынылды.

Сонымен қатар, Абай музейі, кітапханасы және облыстық тарихи-өлкетану музейі ұйымдастырған көрме арқылы келушілер өңірдің бай тарихы мен мәдени мұрасымен танысты. Ал Abai IT Valley алаңында ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллект бағытындағы инновациялық жобалар таныстырылды.

Екі күн ішінде жәрмеңкеге 1 500-ге жуық елорда тұрғыны мен қонағы келді. Нәтижесінде Абай облысының қолөнершілері мен креативті индустрия өкілдері 4,8 миллион теңгеден астам өнім сатып, өңірдің шығармашылық өнімдеріне деген жоғары қызығушылықты көрсетті.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асып жатқан Creative Aimaq республикалық жобасы креативті индустрияларды дамытуға, өңірлердің мәдени әлеуетін насихаттауға, отандық авторларды қолдауға және шығармашылық кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған.

Фото: министрліктен

Просмотров (79)
ТопДок 1