Семейде абаттандыру қағидаларын бұзған азаматтар жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Arnapress.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Таза Қазақстан" республикалық бағдарламасы аясында Семей қаласында экологиялық құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында тұрақты түрде рейдтік іс-шаралар өткізілуде.
Кезекті рейд барысында Қ. Мұхамедханов көшесінде ағаш қалдықтарын белгіленбеген жерге тастаған азаматтар анықталды. Тексеру нәтижесінде олардың техника дүкенінің қызметкерлері екені белгілі болды.
Аталған құқық бұзушылық бойынша полицияның учаскелік инспекторлары әкімшілік хаттама рәсімдеді. Сонымен қатар, заң талаптарын бұзған азаматтар ағаш қалдықтарын толықтай жинап, аумақты тазартты. Оларға мұндай әрекеттерді қайталамау жөнінде қатаң ескерту берілді.
Полиция басқармасының мәліметіне сәйкес, жыл басынан бері "Таза Қазақстан" экологиялық акциясы аясында қала аумағын ластағаны үшін 3359 әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 18,5 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған.
Фото: ЖИ
