4-7 қыркүйек аралығында Ақтөбе қаласында таеквондодан 21 жасқа дейінгі спортшылар арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Байрақты бәсекеге еліміздің түкпір-түкпірінен үздік спортшылар жиналып, WT (World Taekwondo) нұсқасында бақ сынады. Қазақстанда екінші рет ұйымдастырылған чемпионатта Абай облысының намысын қорғаған Ильяс Қайратов 68 келі салмақ дәрежесінде ІІ орын иеленді. Arnapress.kz тілшісі жарыстан кейін спортшы және оның жаттықтырушысы Майсара Аманбаевамен сұхбаттасты.
Бұл - Ильяс үшін кезекті жарыс қана емес, бірнеше жылдық еңбектің нәтижесін көрсеткен маңызды дода. Ол таеквондомен 2016 жылдан бері айналысады. Осы уақыт ішінде талай жарысқа қатысып, жеңілістің де, жеңістің де дәмін татты. Ал бұл жолғы күміс жүлде оның ұзақ жылғы еңбегінің ақталғанын көрсетті.
“Таеквондоға он жылымды арнадым”
Ильястың спортқа келуіне әкесі себеп болған. Бала кезінде оны таеквондо секциясына алып барған. Алғашқы жаттығудан-ақ спорттың бұл түріне қызығушылығы оянып, содан бері ол таеквондоны өмірінің бір бөлігіне айналдырған.
“Мен таеквондомен 2016 жылдан бері айналысамын. Осы спортқа он жылымды арнадым. Мені таеквондо секциясына әкем алып келді. Маған бұл спорт қатты ұнап, содан бері осы күнге дейін айналысып келемін. Менің басты мақсатым - халықаралық аренада елімнің намысын қорғау. Әлем чемпионатына және Олимпиадаға қатысуды армандаймын”, – дейді Ильяс Қайратов.
Спортшы үшін Ақтөбедегі чемпионаттың орны бөлек. Өйткені бұған дейін Қазақстан чемпионаттарында жүлделі орынға жете алмай жүрген. Бұл жолы ол өзіне деген сенімін нығайтып, финалға дейін жетті.
“Ақтөбеде өткен жарыс мен үшін өте жақсы өтті. Бәрі жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Мен бұл жарысқа өте ұзақ уақыт дайындалдым. Қазақстан чемпионаттарында кадет және жасөспірімдер кезімнен бері жүлделі орынға шыға алмай жүрдім. Осы жарысқа дайындалу үшін көптеген оқу-жаттығу жиындарынан өттім. Қарсыластарымның ішінен нақты біреуін бөліп айта алмаймын. Әрқайсысы мықты болды, әр қарсыласпен кездесу маған қиынға түсті. Финалдық жекпе-жек те өте ауыр болды. Бұл жолы қарсыласым менен жақсырақ дайындалған екен”, – дейді спортшы.
Жаттықтырушысы Майсара Аманбаева шәкіртінің әр жеңілістен кейін қайта күш жинап, алға ұмтылғанын айтады.
“Әр спортшы чемпион болғысы келеді. Оны тек армандап қана қоймай, әр сәт сайын ойлап, қандай қиындық кездессе де, сол мақсатқа жету керек деп айтып отырамын. Финалға дейін жету үшін спортшы психологиялық тұрғыдан да дайын болуы керек. Ол кез келген жағдайға дайын болғаны дұрыс. Кейде ұзақ дайындықпен келген спортшы жартылай финалға немесе финалға жеткенде өзіне сенбей қалады. Сондықтан психологиялық дайындықтың маңызы өте зор”, – дейді жаттықтырушы.
.jpeg)
Майсара Аманбаева Ильясты кішкентай кезінен жаттықтырып келеді. Оның айтуынша, шәкірті кадеттер және 15-17 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында өткен Қазақстан чемпионаттарына тұрақты қатысып, бірнеше рет жартылай финалға дейін жеткен. Алайда шешуші сәттерде тәжірибелі қарсыластардан жеңіліп қалып отырған.
“Ильяс бұл нәтижеге ұзақ дайындалды. Кішкентай кезінен Олимпиадалық таеквондомен айналысып келеді. Кадеттер арасындағы Қазақстан чемпионатына, яғни 12-14 жас аралығындағы жарыстарға да, 15-17 жас аралығындағы сайыстарға да қатысты. Сол жарыстарда бірнеше рет жартылай финалға дейін жетіп, мықты қарсыластарға тап болып, жеңіліс тауып жүрді. Мен үнемі Олимпиадалық спорт түрінде бәсекелестік өте жоғары болатынын айтып келдім. Себебі бәрі де жеңімпаз атанғысы келеді”, – дейді Майсара Аманбаева.

Жаттықтырушының айтуынша, Ильяс үшін ең қиын кезеңдердің бірі - жарақат алған уақыты. Маңызды чемпионаттардың бірінің алдында спортшы біраз уақыт жатуға мәжбүр болған.
“Ильяс Атырауда өткен чемпионаттың алдында жарақат алып қалды. Сол кезде өзін көрсетеді деп сенген едім. Өйткені үлкендер арасындағы бәсекелестік өте жоғары болды. Оқу-жаттығу жиындарынан өтіп, жарыстарға қатыстық. Сол чемпионатқа қатты дайындалдық. Бірақ жарақат алып, аяғы гипсте жатты. Екі аптадан кейін қайта дайындыққа кірісті. Чемпионатқа қатысып, жеңіліп қалған соң көңіл-күйі де түсіп кетті. Себебі қаншама уақыт дайындалдық. Әрине, кішкене стресс болды”, – дейді жаттықтырушы.
Бірнеше жылдық еңбектің нәтижесі биылғы чемпионатта көрінді. Өткен жылы U21 санатындағы жарыста жолы болмаған Ильяс биыл финалға дейін жетіп, күміс медальға ие болды.
“Міне, екі жылдан кейін U21 жастағылар арасында тағы бақ сынадық. Былтыр жеңіліп қалдық. Биыл екінші орын алдық. Қаншама еңбегіміз ақталды десек болады. Ильяс финалға шыққанда өзіне өзі сенбей, қуаныштан толқып кетті. Шынымен де, финалға өттім бе деп таңғалды. Алматы қаласынан бірінші орын алған спортшы өте тәжірибелі. Ол әлем чемпионатын жеңген, Азия чемпионатының жүлдегері. Ильясқа қандай қарсылас кезіксе де, финалға өтіп, жеңуге тырысу керек деп жігер бердім. Бірінші орын ала алмағанымыз, әрине, өкінішті. Бірақ осы нәтижеге де ризамыз”, – дейді Майсара Аманбаева.
“Жаттықтырушымның кеңесі маған көп көмектесті”
Финалдық жекпе-жекте жеңіліс тапқанымен, Ильяс бұл жарыстан үлкен тәжірибе жинағанын айтады. Оның сөзінше, татамидегі жекпе-жек кезінде жаттықтырушының сырттан беретін кеңесі ерекше маңызды.
“Жекпе-жек кезінде жаттықтырушымның кеңестері өте пайдалы болды. Себебі сырт көзбен қараған кезде не істеу керегін жаттықтырушы жақсырақ көреді. Ол маған әр сәтте дұрыс бағыт-бағдар беріп отырды. Жаттықтырушыма үлкен алғысымды білдіремін” – дейді Ильяс.

Спортшы үшін бұл күміс медаль – соңғы меже емес. Керісінше, алдағы үлкен мақсаттарға бастайтын баспалдақ. Ендігі жоспары – Қазақстан чемпионатында алтын медаль алу және халықаралық аренада ел намысын қорғау.
“Алдағы уақытта Қазақстан чемпионатында алтын медаль алу үшін жаттығуды жалғастырамын. Келесі жылы әлем чемпионы болғым келеді. Оған дейін іріктеу кезеңдерінен өту керек. Біз, әрине, дайындықты тоқтатпаймыз. Әлем чемпионатына дейін түрлі сайыстарға қатысу жоспарымызда бар. Қазақстан кубогына және үлкен жастағы спортшылар арасындағы чемпионатқа да қатысамыз деп жоспарлап отырмыз”, – дейді жас спортшы.
Ильяс өзінің бүгінгі жетістігіне ата-анасы мен жаттықтырушысының қолдауы ерекше әсер еткенін атап өтті.
“Жаттықтырушым менің жеңілістеріме қарамастан, ол менің бойымда үлкен потенциал бар екенін білді және оны дәлелдеуім үшін әрдайым жарыстар мен оқу-жаттығу жиындарына апарып жүрді. Ата-анама да үлкен рақмет айтқым келеді. Олар әрқашан мені қолдап, жарыстарға қатысуыма мүмкіндік берді. Менің жеңісіме сенді. Сол үшін ата-анама көп рақмет!”, – дейді Ильяс.

Он жылын таеквондоға арнаған жас спортшы үшін Ақтөбедегі күміс медаль – үлкен жолдың бір белесі. Ал алда оны Қазақстан чемпионаты, халықаралық жарыстар және әлемдік дода күтіп тұр.
Спорт тек медаль үшін ғана емес, адамды тәртіпке, төзімділікке және жауапкершілікке үйретеді. Ильястың спорттағы жолы да осыны көрсетеді. Жеңілістен кейін қайта тұрып, жаттығуды жалғастыру, өзіне сену және мақсатқа қарай қадам басу – чемпион болуға ұмтылған әр спортшыға қажет қасиет.
Cұхбаттасқан: Гүлнұр Ахметжан
Фото: Жаттықтырушы Майсара Аманбаевадан


