Абай облысында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан әйел өз күйеуінің қолынан қаза тапты, деп хабарлайды Arnapress.kz ПД сілтеме жасап.
Ер адам ішімдікке әуес болып, әйелін себепсіз қызғанып, жүйелі түрде ұрып-соғып отырған. Алайда жәбірленуші болған жағдайды ешкімге айтпаған. Қоғамның сынынан қорқып, отбасындағы мәселелерді "ұят" деп қабылдап, зорлық-зомбылыққа үнсіз төзген.
Кезекті жанжал қайғылы аяқталды. Полиция қызметкерлері оқиға орнына келген кезде әйелді пышақ жарақатынан қаза тапқан күйінде анықтады.
Осы қайғылы оқиға негізінде Абай облысы Полиция департаменті 18+ әлеуметтік ролик дайындады. Оның мақсаты - зорлық-зомбылықты жасыру мен оған ұзақ уақыт үнсіз төзудің қандай орны толмас салдарға әкелуі мүмкін екенін көрсету.
2026 жылдың алғашқы 8 айында:
62 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді;
2 683 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды;
423 құқық бұзушылық қайталанған;
2 455 қорғау нұсқамасы шығарылды;
395 жанжал шығарушыға ерекше талаптар белгіленді;
95 адам психокоррекциялық курстарға жіберілді.
Қорқыту, қорлау, толық бақылау, себепсіз қызғаныш, ұрып-соғу - бұлардың барлығы қауіпті белгілер.
Фото: ЖИ
