Лента новостей

"АБАЙ QUIZ – 2026": еліміздің әр өңірінен 100 команда жиналады

АБАЙ QUIZ – 2026, зияткерлік, ойын, 100 команда

"АБАЙ QUIZ" республикалық зияткерлік ойынына тіркелу аяқталды, деп хабарлайды Arnapress.kz

Биыл еліміздің әр өңірінен 100 команда жасақталып, 600 қатысушы бас қосады. Зияткерлік сайыс 24 қазанда Семей қаласында Республика күніне орай өтеді. Жалпы жүлде қоры – 4,5 миллион теңге.

Абай облысының Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен ұйымдастырылатын “АБАЙ QUIZ – 2026” республикалық зияткерлік ойынына Қазақстанның бірнеше өңірінен командалар қатысады. Тіркелген 100 команданың басым бөлігі Абай облысынан болса, өзге қатысушылар Астана, Алматы, Жетісу, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Қызылорда, Жамбыл және Атырау облыстарынан келеді.

Қатысушылардың өңірлер бойынша үлесі төмендегідей:

Абай облысы – 68 команда;
Шығыс Қазақстан облысы – 15 команда;
Астана қаласы – 6 команда;
Алматы қаласы – 4 команда;
Жетісу облысы – 2 команда;
Атырау облысы – 2 команда;
Түркістан облысы – 1 команда;
Қызылорда облысы – 1 команда;
Жамбыл облысы – 1 команда.

Әр команда алты адамнан жасақталған. Осылайша, биылғы ойынға барлығы 600 зияткер қатысады деп жоспарланып отыр.

4,5 миллион теңге жүлде қоры сарапқа салынады

Биылғы сайыс жеті кезеңнен тұрады. Қатысушылардың жалпы эрудициясы, логикалық және сыни ойлау қабілеті, тақырыптық білімі мен тапқырлығы сыналады. Бағдарламада кино, музыка және аудиовизуалды материалдарға арналған кезеңдер де бар. Сонымен қатар ойын барысында жедел блиц-сұрақтар мен күрделілігі жоғары тапсырмалар ұсынылады.

Ойынның жалпы жүлде қоры – 4 500 000 теңге.

Негізгі жүлделер төмендегідей бөлінеді:

I орын – 1 000 000 теңге;
II орын – 800 000 теңге;
III орын – 600 000 теңге;
IV–V орындар – 400 000 теңгеден;
VI–X орындар – 200 000 теңгеден.

Бұдан бөлек, "Үздік аудан", "Үздік ұйым", "Креативті команда", "Үздік жастар командасы" және "Үздік талпыныс" атты бес арнайы номинация бойынша әрқайсысына 60 000 теңгеден сыйақы қарастырылған.

Былтырғы ойын Қазақстан рекордтар кітабына енді

"АБАЙ QUIZ" зияткерлік ойыны алғаш рет 2025 жылғы 2 тамызда Семей қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған сайысқа еліміздің 10 өңірінен 180 команда мен 1080 қатысушы жиналды. Былтырғы ойын жеті кезең мен 56 сұрақтан тұрды. Жалпы жүлде қоры 4,7 миллион теңгені құрап, бас жүлде иесіне 1 миллион теңге табысталды. Ауқымды зияткерлік сайыс Қазақстан рекордтар кітабына (КИнЭС) енді.

2025 жылғы ойынның жеңімпаздары:

I орын – "Brainstorm" командасы (Астана қаласы) – 1 000 000 теңге;
II орын – "Алматы Микс" командасы (Алматы қаласы) – 800 000 теңге;
III орын – "Тұрақсыз тіркестер" командасы (Семей қаласы) – 600 000 теңге.

Биыл ұйымдастырушылар республикалық ойынның ауқымын сақтап, өңірлер арасындағы зияткерлік байланысты нығайтуды көздейді.

"АБАЙ QUIZ – 2026" республикалық зияткерлік ойыны 24 қазанда сағат 14:00-де Семей қаласындағы "Арена" көпфункционалды мәдени-спорт кешенінде өтеді. Сайыс Республика күніне орай ұйымдастырылады.

Фото: Ұйымдастырушылардан

Просмотров (100)