Лента новостей

"Әр өңірден 30 шақты конкурсант келеді": Семейде Тұрсынғазы Рахимовтың мерейтойына арналған байқау отеді

Тұрсынғазы Рахимов

Семей қаласында әнші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тұрсынғазы Рахимовтың 75 жылдық мерейтойына арналған республикалық ән байқауы өтеді, деп хабарлайды Arnapress.kz.

Байқауға еліміздің әр өңірінен 30-ға жуық өнерпаз қатысады. 8 қазан күні қатысушылар жеребе тартып, ал 9 қазан күні сағат 09:00-де олардың орындаған әндері қазылар алқасының назарына ұсынылады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқауға елдің әр өңірінен келген талантты орындаушылар қатысып, Тұрсынғазы Рахимовтың шығармашылығын насихаттайды.

"Республиканың әр өңірінен 30 шақты конкурсант келеді. Қазылар алқасының құрамында Қазақстанның халық әртісі Рамазан Стамғазиев, Гүлмира Нәлібаева, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткерлері Еркін Шүкіман, Төлеген Сембаев және әнші Нариман Қажымұратұлы бар. Мықты деген өнерпаздардың басын қосып, жақсы байқау өткізуді көздеп отырмыз", – дейді Тұрсынғазы Рахимовтың ұлы Шалқар Рахимов.

Байқаудың ашылу салтанаты 9 қазан күні сағат 19:00-де өтеді. Кеш барысында әнші-композитордың өмірі мен шығармашылығына арналған "Ән бесік"театрландырылған қойылымы сахналанады.

"10 қазан күні сағат 18:00-де байқаудың жабылу салтанаты өтіп, жүлдегерлер марапатталады. Ән сүйер қауымды осы рухани кешке шақырамыз, кіру тегін" – дейді Шалқар Рахимов.

Айта кетейік, Тұрсынғазы Рахимов – қазақ ән өнеріне өзіндік қолтаңбасын қалдырған әнші-композитор. Оның шығармалары ел арасында кеңінен орындалып, кейінгі буын орындаушыларының репертуарынан да көрініс тауып келеді.

Фото: Шалқар Рахимовтан

Просмотров (135)