Лента новостей

Қазақстанда МӘМС төлемесе де, тегін тексерілуге болады: жаңа жоба не ұсынады

емхана, МӘМС, тегін

2027 жылғы қаңтардан бастап Қазақстан тұрғындары емханаға алғаш рет жүгінген кезде МӘМС жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан, бірқатар базалық медициналық қызметті тегін ала алады, деп хабарлайды Arnapress.kz Денсаулық сақтау министрлігі әзірлеген бұйрыққа сілтеме жасап. 

Денсаулық сақтау министрлігі тиісті бұйрық жобасын әзірледі. Құжатта алғашқы медициналық-санитариялық көмек деңгейінде көрсетілетін қызметтердің бірыңғай пакетін енгізу қарастырылған.

Жобаға сәйкес, азаматтарға мынадай қызметтер қолжетімді болады:

* жалпы қан және зәр талдауы;
* артериялық қысымды және негізгі денсаулық көрсеткіштерін өлшеу;
* электрокардиограмма (ЭКГ);
* пульсоксиметрия;
* флюорография;
* жекелеген функционалдық зерттеулер;
* құрсақ қуысы ағзалары мен бүйректің ультрадыбыстық зерттеуі.

Министрліктің мәліметінше, өзгерістер медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға, қызметтерді алу тәртібін нақтылауға және медициналық пакеттер арасындағы қайталануды болдырмауға бағытталған.

Сонымен қатар жоба аясында медициналық ақпараттық жүйелермен интеграцияланған алгоритмдер арқылы азаматтарға автоматты түрде қоңырау шалу мүмкіндігі қарастырылған. Бұл пациенттерді жедел хабардар етуге және емханалардағы бірқатар процесті автоматтандыруға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта бұйрық жобасы қоғамдық талқылау сатысында. Талқылау 2026 жылғы 23 қазанға дейін жалғасады.

Ескерту: өзгерістер әзірге жоба түрінде ұсынылған. Сондықтан көрсетілген тәртіптің түпкілікті нұсқасы қабылданған құжатқа байланысты болады.

Просмотров (230)