Лента новостей

Абай облысында тегін офтальмологиялық көмек: негізгі талаптар мен мүмкіндіктер

көз отасы, тегін, МӘМС, медицина, Абай облысы

Катаракта, глаукома және көздің басқа да ауруларына жасалатын хирургиялық операциялар медициналық көрсетілімдер болған жағдайда ТМККК және МӘМС жүйелері шеңберінде тегін көрсетілуі мүмкін. Ал көру қабілетін лазерлік әдіспен түзету, көзілдірік пен жанаспалы линзаларды алу мәселелері қолданыстағы заңнамаға сәйкес реттеледі. Бұл туралы Абай облысының денсаулық сақтау басқармасы ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды Arnapress.kz 

Қандай көз операциялары тегін жасалады?

Абай облысының денсаулық сақтау басқармасының түсіндіруінше, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйелері аясында офтальмологиялық хирургиялық көмек тиісті медициналық көрсетілімдер мен жолдама болған жағдайда көрсетіледі.

Атап айтқанда, катарактаны факоэмульсификация әдісімен емдеу және интраокулярлық линзаны (ИОЛ) имплантациялау қаржыландырылатын медициналық көмектің құрамына кіруі мүмкін. Бұл ретте линзаны орнату катарактаны хирургиялық емдеудің ажырамас бөлігі болып саналады.

Сондай-ақ медициналық көрсетілімдер болған жағдайда глаукомаға операция жасау, торқабықтың ажырауы мен жыртылуына байланысты витреоретиналдық хирургиялық араласулар және көз жарақаттары мен қасаң қабық ауруларына қатысты операциялар белгіленген талаптарға сәйкес тегін көрсетілуі мүмкін.

Операцияның нақты түрі, оны жүргізу орны мен шарттары науқастың медициналық жағдайына және қолданыстағы нормативтік талаптарға байланысты анықталады.

Көз ішілік линзаны таңдау және қосымша төлем мәселесі

Катарактаға операция жасау кезінде көз ішілік линза қолданылады. Оның нақты моделі мен түрін таңдау медициналық көрсетілімдерге, медициналық бұйымдарды сатып алу шарттарына және медициналық көмекті қаржыландыру талаптарына сәйкес қарастырылады.

Басқарманың мәліметінше, амбулаториялық деңгейде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды жеңілдікпен беру кезінде қолданылатын қосымша төлем қағидаларын катарактаны стационарлық жағдайда хирургиялық емдеу кезінде линзаны имплантациялауға тікелей қолдануға болмайды.

Сондықтан нақты линза түріне қатысты мәселелерді емдеуші дәрігермен және операция жасайтын медициналық ұйыммен алдын ала талқылаған жөн.

Лазерлік көру түзету операциялары тегін жасала ма?

LASIK, Femto-LASIK, PRK және осыған ұқсас әдістер арқылы көру қабілетін түзетуге арналған рефракциялық операциялар, егер басқа тиісті медициналық көрсетілімдер болмаса, ТМККК және МӘМС шеңберінде қаржыландырылатын медициналық көмекке жатпайды.

Мұндай қызметтер заңнамада белгіленген тәртіппен ақылы негізде көрсетілуі мүмкін.

Операция алдында қандай тексерулерден өту қажет?

Катарактаға операция жасар алдында науқастың жағдайын бағалау, операцияға көрсетілімдер мен ықтимал қарсы көрсетілімдерді анықтау және көз ішілік линзаның қажетті параметрлерін таңдау үшін офтальмологиялық зерттеулер жүргізіледі.

Клиникалық жағдайға қарай мынадай тексерулер тағайындалуы мүмкін:

көру өткірлігін анықтау (визометрия);
рефрактометрия;
биомикроскопия және офтальмоскопия;
көзішілік қысымды өлшеу (тонометрия);
кератометрия және көздің оптикалық биометриясы;
көздің ультрадыбыстық зерттеуі;
оптикалық когеренттік томография (ОКТ) және басқа да қажетті зерттеулер.

Бұл зерттеулер медициналық көрсетілімдерге, жолдаманың болуына және тиісті қызметтің ТМККК немесе МӘМС шеңберінде қаржыландырылатын тізбеге енгізілуіне байланысты тегін көрсетілуі мүмкін.

Науқас қажетті зерттеулерді өз қалауы бойынша ақылы негізде де тапсыра алады. Дегенмен зерттеуді ақылы түрде өтпес бұрын оның сақтандыру жүйесі немесе тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі арқылы қолжетімділігін анықтап алған жөн.

МӘМС бойынша операция алу үшін не істеу керек?

МӘМС шеңберінде медициналық көмек алу үшін науқастың сақтандырылған мәртебесі болуы қажет. Алайда ТМККК құрамына кіретін медициналық көмек заңнамада белгіленген талаптарға сәйкес сақтандырылған мәртебесіне қарамастан көрсетіледі. Тегін офтальмологиялық операцияға жолдама алу үшін азамат тіркелген жеріндегі алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымына, яғни емханаға жүгінуі керек.

Одан әрі науқасты мамандандырылған медициналық көмекке бағыттау белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады. Дәрігер қажетті тексерулерді тағайындап, медициналық көрсетілімдерді бағалайды және тиісті мамандандырылған ұйымға жолдау мәселесін шешеді.

Операция жасайтын медициналық ұйымды таңдау құқығы да қарастырылған. Бұл ретте медициналық көрсетілімдер, науқастарды бағыттау тәртібі және медициналық ұйымның шарттық қаржыландыру көлемі ескеріледі.

Жоспарлы операцияның кезегі мен нақты өткізу күні туралы ақпаратты науқас тиісті медициналық ұйымның жауапты қызметкерінен ала алады.

Әлеуметтік санаттарға қандай жеңілдіктер қарастырылған?

Денсаулық сақтау басқармасының түсіндіруіне сәйкес, мүгедектігі бар балаларға және азаматтардың басқа да санаттарына қатысты әлеуметтік қолдау шаралары тиісті заңнамамен реттеледі.

Балалар мен ересектерге жоғары технологиялық медициналық қызметтер (ЖТМҚ) шеңберінде офтальмологиялық операциялар жасалған жағдайда денсаулық сақтау басқармасының қаражаты есебінен жол жүру шығындары қарастырылған. Ал зейнеткерлер мен халықтың әлеуметтік осал санаттарына жататын азаматтар үшін офтальмологиялық операцияларға байланысты қосымша жеңілдіктер көзделмегені хабарланды. Көру қабілетіне байланысты мүгедектігі бар адамдарға қатысты жеңілдіктер медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидалары мен қолданыстағы заңнамаға сәйкес айқындалады.

Абай облысының денсаулық сақтау басқармасы офтальмологиялық хирургиялық көмектің қолжетімділігі медициналық көрсетілімдерге, тиісті жолдамаға, қолданыстағы нормативтік талаптарға және медициналық көмекті қаржыландыру шарттарына байланысты екенін атап өтті.

Көз ауруына байланысты операция қажет болған жағдайда азаматтарға алдымен тіркелген емханасына жүгініп, офтальмологтың тексеруінен өту ұсынылады. Бұл операцияның қажеттілігін анықтауға, тиісті жолдама алуға және медициналық көмекті ТМККК немесе МӘМС шеңберінде алу мүмкіндігін нақтылауға мүмкіндік береді7

Фото: Жасанды интеллект арқылы жасалды

Просмотров (93)