Лента новостей

“Жөндеп береміз” деген уәде орындалмады: Семей тұрғындары құрылыс сапасына шағымдануда

лифт,шатыр,қоқыс,мәселе,Қарағайлы

Семей қаласындағы Қарағайлы көшесі, 44-үйдің тұрғындары баспаналарындағы бірқатар мәселенің ұзақ уақыттан бері шешілмей келе жатқанына шағымдануда, деп хабарлайды Arnapress.kz.

Тұрғындар редакциямызға 3 қазан, сенбі күні хабарласып, үйдегі мәселелерін көтерді. Осыған байланысты редакция тілшісі аталған мекенжайға барып, тұрғындармен кездесіп, олардың шағымдарын тыңдады.

Ал тұрғындардың айтуынша, келесі күні, 4 қазанда, әкімдік тарапынан жауапты мамандар үйге келіп, тұрғындармен жиналыс өткізген. Жиында лифт, қоқыс контейнерлері және шатырдан су ағу мәселелері талқыланған.

Тұрғындардың сөзінше, жауапты мамандар лифт мәселесіне қатысты үш күннің ішінде нақты жауап берілетінін айтқан. Ал қоқыс контейнерлеріне қатысты мәселені 1-2 күннің ішінде шешу жоспарланған. Сондай-ақ санитариялық-эпидемиологиялық бақылау мамандары келіп, қоқыс жәшіктерін орналастыруға қай аумаққа рұқсат берілетінін анықтайтыны айтылған.

Шатырдан су ағу мәселесі де назардан тыс қалмаған. Тұрғындардың айтуынша, оны шешу жауапты мамандарға тапсырылып, бір аптаның ішінде нақты жауап берілетіні айтылған.

2023 жылы пайдалануға берілген бұл үйдегі пәтерлер әлеуметтік санаттағы тұрғындарға арналған. Алайда тұрғындардың айтуынша, бүгінде үйде бірқатар күрделі мәселе бар. Соның бірі — лифттің екі айға жуық уақыт бойы жұмыс істемеуі. Бұған қоса, үйдің шатырынан су ағу мәселесі бірнеше рет көтерілгенімен, әлі күнге дейін түбегейлі шешімін таппаған. Сондай-ақ қоқыс контейнерлері балалар ойын алаңының жанына орналастырылған, ал олардың маңында арнайы жабынды жоқ.

Тұрғындардың айтуынша, лифт екі айға жуық уақыт бойы жұмыс істемейді, ал үйдің шатырынан су ағу мәселесі бірнеше рет айтылғанымен, әлі күнге дейін түбегейлі шешімін таппаған.

Тұрғындардың сөзінше, шатырдың жағдайы әсіресе көктемгі жауын-шашын кезінде қиындық туғызған. Су шатырдан өтіп, пәтерлердің төбесінен аққан. Бұл мәселе бойынша олар бірнеше рет Тұрғын үй инспекциясына, құрылыс салушыға және басқа да жауапты мекемелерге жүгінген.

Үйдің құрылысымен айналысқан “Фирма Азия” ЖШС өкілдеріне де тұрғындар бірнеше мәрте хабарласқан. Алайда тұрғындардың айтуынша, әр жолы “жөндейміз” деген уәде болғанымен, нақты жасалған жұмыстар мәселені толық шешпеген.

Тұрғындардың бірі сол кездегі жағдайды былай еске алады:

“Көктемде ЖКХ-дан келді.  Шатырға шығып қарап, судың дұрыс ағатын жері орналаспағанын көрді. Бірақ бізге “қыс бойы шатырдағы қарды өздеріңіз тазалап отыруларыңыз керек еді” деп, керісінше, өзімізді кінәлі қылып кетті. Кейін шатырды жөндеп береміз деді. Бұған дейін де осылай уәде беріп жүрген. Бірақ нақты нәтиже болмады”, - дейді сол үйдің тұрғыны Жанна. 

Тұрғындардың айтуынша, кепілдік мерзімі аяқталғанға дейін де олар мәселені бірнеше рет көтерген. Алайда жөндеу жұмыстарының нәтижесі мардымсыз болып, шатырдан су ағу мәселесі қайта жалғасқан. Ал қазір кепілдік мерзімі аяқталған соң, тұрғындарға жөндеу жұмыстарын өздері жүргізуі керек деген жауап берілген.

Жилинспекцияның тұрғындарға берген жауабында шатыр мен лифт көппәтерлі үйдің ортақ мүлкіне жататыны көрсетілген. Сонымен бірге, үйдің күрделі жөндеуіне қатысты тұрғындардың жалпы жиналысында шешім қабылдау және белгілі бір талаптарды орындау қажеттігі айтылған. 

Алайда тұрғындар мәселенің дәл осы тұста қалып қойғанын айтады. Олардың пікірінше, мәселе тек қазіргі жөндеу шығынын кім төлейтініне тірелмеуі керек. Кепілдік мерзімі ішінде тұрғындар бірнеше рет шағымданған кезде, неге анықталған ақаулар толық әрі сапалы түрде жойылмады? деген сұрақ жауапсыз қалып отыр.

Қазір тұрғындар үшін тағы бір өзекті мәселе – лифттің екі айға жуық уақыт бойы істемеуі. Жоғарғы қабаттарда тұратын тұрғындар үшін бұл күнделікті өмірге айтарлықтай қолайсыздық туғызып отыр. 


"Екі айдан бері лифт сынып тұр. Бұл әлеуметтік жағдайда берілген пәтер. Жарымжан, мүгедектігі бар және көп балалаы ата-аналар тұрады. Жаяу көтеріліп, жаяу түсіп жүрміз. 23 шілдеде сынған лифтті 120мың өзіміз төлеп, жөндеттік, іске қосылып 5 тамызда қайтадан сынды. Әлі жөнделмеді содан бері. Жөндеу ақылы деді, 90мың ақшасын жинап қойдық, бірақ қосалқы бөлшектері елімізде жоқ, алдыртамыз деп, бізге құр бос болуда. Осы біздің үлкен мәселелеріміз болып тұр", - деді тұрғын Сая

Тұрғындар жауапты мекемелерден бір-біріне сілтемей, екі мәселені де нақты шешуді күтеді. Олар шатырдың жағдайына техникалық тексеру жүргізіліп, бұрын атқарылған жұмыстардың сапасы қаралуын және лифтінің қашан іске қосылатыны туралы нақты ақпарат берілуін қалайды.

Қарағайлы 44 үйінің тұрғындары көтеріп отырған мәселе — бір ғана үйдің проблемасы емес. Бұл көпқабатты үйлердегі құрылыс сапасы, кепілдік міндеттемелері және тұрғындардың өтініштеріне жауап беру мәселесінің қаншалықты тиімді орындалып отырғанын көрсететін жағдай.

Фото: Arnapress.kz.

Просмотров (793)