Семей қаласындағы №51 мектепте “Еңбегі адал – жас өрен” жобасы аясында 1–4 сынып оқушыларының қатысуымен “Күзгі асар” қайырымдылық жәрмеңкесі ұйымдастырылды, деп хабарлайды Arnapress.kz

Берекелі күздің молшылығын насихаттаған тағылымды шараға бастауыш сыныптардың 44 сыныбы белсенді қатысты. Жәрмеңкеге оқушылар ата-аналарымен бірге тыңғылықты дайындалып, күзгі өнімдер, ұлттық тағамдар, түрлі тәттілер мен қолдан жасалған бұйымдарды көпшілік назарына ұсынды.

Іс-шара барысында мектеп ауласында ерекше мерекелік көңіл күй қалыптасып, әр сынып өздерінің дастарханын безендіріп, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеді. Оқушылардың белсенділігі мен ата-аналардың қолдауы жәрмеңкенің мазмұнды әрі қызықты өтуіне ықпал етті.

"Күзгі асар" жәрмеңкесінің негізгі мақсаты – жас ұрпақты еңбексүйгіштікке, жауапкершілікке, ұйымшылдыққа және өзара көмекке тәрбиелеу. Сонымен қатар іс-шара арқылы балаларға қайырымдылық жасау, мұқтаж жандарға қолдау көрсету, еңбекті бағалау және береке-бірлікті сақтау құндылықтары түсіндірілді.

"Жәрмеңкеден түскен қаражат қайырымдылық мақсаттарына бағытталып, көмекке мұқтаж жандарды қолдауға жұмсалады. Бұл – оқушылардың бойына мейірімділік, жанашырлық, ізгілік пен адамгершілік қасиеттерді қалыптастыруға бағытталған маңызды тәрбиелік бастама. Күзгі асар – молшылық пен берекенің, ынтымақ пен бірліктің, адал еңбек пен қайырымдылықтың үйлесімін көрсеткен тағылымды шара болды. Ізгі іске атсалысып, жәрмеңкеге белсенді қатысқан оқушыларға, ата-аналарға және ұстаздарға алғысымызды білдіреміз", - деді 4 "В" сынып жетекшісі Айжан Жақсылыққызы

Фото: Arnapress.kz
