Халықаралық жастар күніне орай Абай облысында талантты, бастамашыл және шығармашыл жастарды қолдауға бағытталған “Тәуелсіздік ұрпақтары”грантының жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды Arnapress.kz облыс әкімдігі баспасөзіне сілтеме жасап.
Салтанатты шараға облыс әкімі Берік Уәли, грант иегерлері, жастар ұйымдарының өкілдері мен белсенді жастар қатысты.
Биыл байқау 7 бағыт бойынша өткізіліп, 74 өтінім қабылданды. Грант алғаш рет “Ғылым” және “Экология” бағыттары бойынша да табысталды. Әр бағыт бойынша жеңімпазға 1 миллион теңгеден берілді.
Грант иегерлері:
“Ғылым” - Айым Леонидова
“Ауыл шаруашылығы” - Әбет Аяжан
“Ақпараттық технологиялар” - Владислав Набока
“Бизнес” - Анар Меңдібаева
“Креативті индустрия” - Асхат Мұханов
“Экология” - Әмина Бауыржан
“Волонтерлік” - Жансая Ғабитова
Облыс әкімі Берік Уәли жастардың қоғам дамуындағы маңызды рөлін атап өтіп, мемлекеттік қолдау — жастардың жаңа идеяларын жүзеге асыруға берілетін үлкен мүмкіндік екенін жеткізді.
Бүгінде Абай облысында 150 мыңға жуық жас бар. Өңірде жастардың білім алуына, кәсіп бастауына, тәжірибе жинақтауына және өз жобаларын жүзеге асыруына арналған түрлі қолдау тетіктері жүзеге асырылуда.
“Тәуелсіздік ұрпақтары” гранты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2021 жылдан бері талантты жастарды қолдау мақсатында табысталып келеді. Осы уақытқа дейін грантты 183 азамат иеленген.
Фото: әкімдіктен
