Лента новостей

"Қасіретті оқиға бүкіл елдің жүрегіне ауыр тиді": "38. Соңғы нүкте" фильмі қалай дүниеге келді?

фильм, өрт, 38. Соңғы нүкте

2023 жылы "Семей орманы" мемлекеттік орман табиғи резерваты аумағында болған алапат өрт ел жадында ауыр із қалдырғаны белгілі. Қызметтік міндетін атқару барысында 15 орман қызметкері қаза тапқан қайғылы оқиға табиғи апаттың ауқымын ғана емес, адам өмірінің қаншалықты қымбат екенін де көрсетті. Осы қасіретті оқиға "38. Соңғы нүкте" драмалық фильм-катастрофасының негізіне айналды, деп хабарлайды Arnapress.kz

Фильмнің режиссері Төребек Бейсебаев және сценарий авторы Нұржігіт Қайдармен сұхбаттасып, Семей орманындағы қайғылы оқиғаны зерттеу барысы, түсірілім кезінде кездескен қиындықтар, актерлерді таңдау және туындының көрерменге жеткізгісі келген негізгі ойы туралы сөйлестік.

Туынды орман ішінде күнделікті қызметін атқарып жүрген бір топ орманшының тағдырын арқау етеді. 

“Кенеттен тұтанған өрт аз уақыттың ішінде бақылаудан шығып, кейіпкерлерді табиғаттың алапат күшімен ғана емес, өз қорқыныштары мен өмірде жасаған таңдауларының салдарымен бетпе-бет қалдырады. “38. Соңғы нүкте”нақты адамдардың өмірбаянын немесе 2023 жылы болған оқиғаны дәлме-дәл қайталамайды. Кейіпкерлер мен оқиғалар көркемдік мақсатта өзгертіліп, авторлық интерпретация негізінде жасалған. Фильмде адам өмірінің құндылығы, жауапкершілік, достық пен отбасы, ерлік пен таңдау секілді тақырыптар табиғи апат аясында өрбиді”, - дейді фильм режиссёрі Төребек Бейсебаев.

Шығармашылық топ үшін тілсіз жаудың ауқымын көрсету маңызды болғанымен, одан да маңыздысы - жалынмен бетпе-бет келген адамдардың ерлігі мен жанкешті еңбегін көрсету еді.

“Фильмді түсіруге елімізде жыл сайын қайталанып жатқан орман өрттері түрткі болды. Біз көбіне өрттің салдарын ғана көреміз, бірақ сол жалынның ішінде өз өмірін қатерге тігіп жүрген адамдардың ерлігі мен жанкешті еңбегі көп айтыла бермейді. Маған дәл осы тақырыпты көрерменге әсерлі жеткізу маңызды болды. Фильм идеясының авторы Мақсат Жұмақан. Ол Семей орманындағы өрт кезінде қаза тапқан марқұмдардың рухына арнап көркем фильм түсіру керек деген ойын айтты. Бұл ұсыныс мені де терең ойландырды. Өйткені ол оқиға бүкіл елдің жүрегіне ауыр тиді, ал сол адамдардың ерлігі ұмытылмауы тиіс деп есептедік. Мақсат Жұмахан өзі де орманшы, қыр-сырын меңгерген, жұмысшылықтан басшылыққа дейін көтерілген жан. Бізге бағыт- бағдар беріп отырды”, - дейді фильм сценаристі Нұржігіт Қайдар. 

Фильмнің негізінде нақты оқиға жатқандықтан, оны экранға шығарудағы жауапкершілік те жоғары. Авторлар нақты адамдардың тағдырын сол күйінде қайталаудан гөрі, Семей орманындағы оқиғаның мәнін, оның ауқымын және адам тағдырына әсерін көркем кино тілімен жеткізуді жөн көрген.

“Бұл фильм шынайы оқиғадан шабыт алған көркем туынды. Сондықтан сценарийдегі кейіпкерлер мен кейбір оқиғалар көркемдік тұрғыдан өзгертілді. Фильмдегі басты кейіпкерлер – Семей орманындағы өрт кезінде қаза тапқан орманшылардың нақты бейнесі емес, олар осы салада еңбек етіп жүрген азаматтардың жиынтық көркем образы. Соған қарамастан, фильмнің негізгі оқиғалары тарихи деректерге сүйенеді. Картинада 2023 жылы болған Семей орманындағы алапат өрт оқиғасы көрсетіледі. Өрттің неден шыққаны, оның бірнеше күнге созылғаны, апаттың ауқымы және қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан 15 азаматтың табылуына қатысты мәліметтер фильмде шынайы оқиғалар негізінде берілген. Сондықтан фильм тарихи оқиғалардың негізін сақтай отырып, көркем киноның тілімен баяндалады”, - дейді режиссёр.

Шынайы оқиғаны көркем фильмге айналдыру үшін тарихи деректердің өзі жеткіліксіз. Сол себепті түсірілім тобы Семей орманындағы өртке тікелей қатысқан азаматтардың тәжірибесіне де жүгінген. 

“Дайындық кезеңінде Семей орманындағы өрт оқиғасына тікелей қатысқан орман шаруашылығы қызметкерлерімен және сол күндердің куәгерлерімен кездестік. Сонда мені толғандырған дүние орман ішінде қызмет етіп, бір тал тоғайдың өзіне жүректері ауыратындығы, қаншама гектарды санаулы ғана адамдар бақылайтыны және жалақыларының өте аздығы ойландырды. Олармен ұзақ әңгімелесіп, бір апта орманның ішінде жүрдік, өрттің қалай басталғаны, қандай жағдайда өршігені, қанша аумақты шарпығаны және өртпен күресу барысында кездескен қиындықтар туралы құнды мәліметтер алдық. Біз үшін ең маңыздысы – оқиғаны мүмкіндігінше шынайы көрсету болды. Сондықтан олардың естеліктері мен тәжірибесі фильмнің көптеген көріністерін жасауға негіз болды. Бұл кездесулер бізге тек техникалық ақпарат қана емес, сол күндері адамдардың қандай күй кешкенін, қандай шешімдер қабылдағанын және қандай қиындықтарды бастан өткергенін түсінуге мүмкіндік берді. Сол себепті фильмдегі көптеген эпизодтар өмірде болған оқиғалардың атмосферасын сақтай отырып түсірілді. Біздің мақсат - көрерменге сол қайғылы күндердің шындығын барынша сезіндіру және орманшылардың ерлігіне құрмет көрсету”, - дейді сценарист Нұржігіт

Фильмнің жанры - драма және катастрофа. Сондықтан орман өрті көріністері картинаның эмоциялық өзегін құрайды. Экранда бірнеше минут қана көрінетін жалынның ар жағында үлкен дайындық пен қауіпсіздік шаралары тұр

“Түсірілім барысындағы ең күрделі кезең – орман өрті көріністерін түсіру болды. Біз үшін ең басты талап қауіпсіздік пен табиғатты қорғау еді. Сондықтан фильмді түсіру барысында бірде-бір тірі ағашқа зиян келтірілген жоқ. Өрт көріністері алдын ала өртеніп кеткен орман аумағында түсірілді. Түсірілім алдында қауіпсіздік шаралары толық сақталды. Арнайы мамандар бірнеше тонна су сеуіп, аумақты толық бақылауға алды. Одан кейін пиротехник мамандары арнайы құрал-жабдықтарын орнатып, барлық процесті бақылауда ұстап отырды. Әрбір көрініс өрт қауіпсіздігі талаптарына сай түсірілді. Тағы бір есте қалған қиын сәттердің бірі - өрт арасынан қашып келе жатқан жылқылардың көрінісі болды. Бұл сахна фильмнің ең әсерлі эпизодтарының бірі болады деп жоспарланған еді. Алайда жануарлар алдын ала жоспарлаған бағытпен жүрмей, жан-жаққа қашып кетті. Сол бір көріністі түсіруге екі күн жұмсадық. Соған қарамастан, біз күткен нәтижеге жете алмадық. Ақырында фильмнің сапасына нұқсан келтірмеу үшін бұл сахнаны соңғы нұсқаға қоспау туралы шешім қабылдадық”, - деп ағынан жарылды режиссёр Төребек Бейсебаев 

Орман өртінің ауқымын көрсету үшін түсірілім тобы тек арнайы эффектілерге сүйеніп қалмаған. Мүмкіндігінше нақты ортада түсірілім жүргізіліп, кейін практикалық эффектілер мен компьютерлік графика бір-бірін толықтыратындай етіп қолданылған.

“Өрт көріністері қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, арнайы пиротехник мамандарының қатысуымен түсірілді. Камера жұмысы, жарық қою, түтін эффектілері мен дыбыс арқылы көрерменге оқиғаның ауқымын барынша сезіндіруге күш салдық. Әрине, кейбір көріністерді тек практикалық тәсілмен түсіру мүмкін болмады. Сондықтан кадрдың ауқымын кеңейту, өрттің көлемін көрсету және қауіпті жағдайларды қауіпсіз түрде бейнелеу үшін компьютерлік графика (CGI) қолданылды. Бірақ біздің ұстанымымыз – графиканы негізгі құрал емес, шынайы түсірілген кадрларды толықтыратын элемент ретінде пайдалану болды. Нәтижесінде, практикалық түсірілім мен компьютерлік графиканың үйлесімі арқылы орман өртінің ауқымы мен атмосферасын көрерменге барынша шынайы жеткізуге тырыстық”, - дейді фильм режиссёрі

Фильмдегі орманшылардың бейнесі көрерменге сенімді жетуі үшін актерлерді таңдау процесіне ерекше мән берілген. Мұнда танымал есімнен бұрын кейіпкердің болмысын ашу, оның физикалық мүмкіндігі мен мамандық ерекшелігін шынайы көрсету маңызды болған.

“Бұл фильмдегі кастинг бірнеше айға созылды. Себебі бізге тек танымал актерлер емес, өз кейіпкерінің мінезін, ішкі жан дүниесін және мамандықтың жауапкершілігін шынайы жеткізе алатын актерлер қажет болды. Ең алдымен актерлік шеберлігіне, сөйлеу дикциясының анық болуына және кейіпкердің эмоциясын табиғи бере алуына ерекше мән бердік. Сонымен қатар, сыртқы келбетінің де образға сай болғанын қаладық. Біз экран арқылы қазақ жігіттерінің батылдығын, қайсарлығын және табиғатпен біте қайнасқан болмысын көрсеткіміз келді. Фильмде физикалық дайындық та маңызды рөл атқарды. Кейіпкерлер атқа мінеді, жолсыз жерде арнайы техникаларды жүргізеді, ауыр жағдайда жұмыс істейді. Сондықтан актерлердің атқа еркін отыра алуы, үлкен техниканы жүргізе білуі және күрделі экшн көріністеріне физикалық тұрғыдан дайын болуы біз үшін маңызды талаптардың бірі болды”, - деп тоқталды сценарист Нұржігіт Қайдар. 

Фильмнің мақсаты актерлердің тек рөлді ойнап шығуы емес, көрермен олардың шынымен орманшы немесе өртпен күресіп жүрген маман екеніне сенуі еді. Сондықтан әрбір актер өз кейіпкеріне үлкен жауапкершілікпен дайындалған. Кейіпкерлердің әрекетіндегі ұсақ детальдардың өзі фильмнің шынайылығына әсер етеді. Осыны ескерген шығармашылық топ өрт сөндірушілер мен орман шаруашылығы мамандарын түсірілімнің әр кезеңіне тартқан.

"38. Соңғы нүкте" тек табиғи апатты суреттейтін фильм емес. Жалын күшейген сайын кейіпкерлердің алдында өмір мен өлімнің, қорқыныш пен жауапкершіліктің, жеке таңдау мен азаматтық борыштың арасындағы шешім тұрады. Осы арқылы фильм адам табиғаты сыналатын сәтті зерттейді.

“Ең алдымен, осы фильмді көрген әрбір көрермен 2023 жылы Семей орманындағы алапат өрт кезінде қызметтік борышын атқарып жүріп қаза болған батырларымыздың ерлігін ұмытпаса екен деймін. Олардың есімі ел жадында сақталып, жасаған жанқиярлығы лайықты бағаланса екен деген тілегім бар. Сонымен қатар, бұл фильм адамдарды табиғатқа жауапкершілікпен қарауға үндесе екен деймін. Орман – жай ғана ағаштар жиынтығы емес, ол – табиғаттың тынысы, еліміздің баға жетпес байлығы. Кейде бір адамның салғырттығы үлкен апатқа әкелуі мүмкін. Сондықтан әр азамат өрт қауіпсіздігіне бейжай қарамай, табиғатты қорғауға өз үлесін қосса екен. Егер көрермен кинотеатрдан шыққаннан кейін орманның қадірін тереңірек түсініп, табиғатты қорғау әрқайсымыздың міндетіміз екенін сезінсе және сол ержүрек азаматтардың ерлігіне құрметпен қараса, онда біздің фильмнің мақсаты орындалды деп есептеймін”, деді Төребек Бейсебаев

Неге фильм атауы “38. Соңғы нүкте”? 38 - жай ғана сан емес. Орман үшін бұл - нақты бір кварталдың нөмірі. 

“Жалпы ормандар квартал, бөліктерге бөлінеді. Бұл фильмдегі 38 ші квартал, сондықтан солай атадық. Және Қазақстан Республикасы Конституциясының 38-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматтары табиғатты сақтауға және табиғат байлықтарына ұқыппен қарауға міндетті, делінген. Квартал атауы да 38 таңдалды. Қазіргі күні 37 бабына ауысып кетті”, - дейді сөз соңында Нұржігіт Қайдар

Фильм 2026 жылдың 3 қыркүйегінен бастап Қазақстанның барлық кинотеатрларында көрсетіледі. Туынды Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің және Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының тапсырысы бойынша түсірілген.

Фильмнің продюсері - Нұржігіт Хайдар, режиссері - Төребек Бейсебаев. Сценарий авторлары - Нұржігіт Хайдар пен Мақсат Жұмахан. Қоюшы операторы - Асылхан Мелдебеков, қоюшы суретшісі - Олжас Алменов.

"38. Соңғы нүкте" - табиғат апаты туралы ғана емес, сын сағатта адамдық қасиет пен өмірдің шынайы құны сыналатын драмалық фильм-катастрофа. Туынды 2023 жылғы Семей орманындағы алапат өрт кезінде қызметтік міндетін атқару барысында қаза тапқан орман қызметкерлерінің рухына арналады.

Фото: Кейіпкерлерден

Сұхбаттасқан Гүлнұр Ахметжан

Просмотров (138)
ТопДок 1