Лента новостей

Қазақстандықтар Кореяға қалай жұмысқа орналаса алады?

жұмыс, Корея, еңбек, шарт

Қазақстан азаматтарына Корея Республикасында заңды түрде жұмыс істеуге мүмкіндік беретін Employment Permit System (EPS) жүйесі бойынша іріктеу тәртібі түсіндірілді, деп хабарлайды Arnapress.kz ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

Практикалық іріктеу Алматы қаласында EPS орталығы ашылғаннан кейін басталады. Орталықта кандидаттардың корей тілін меңгеру деңгейі EPS-TOPIK тесті арқылы анықталып, кәсіби білімі мен еңбек дағдылары бағаланады. Сонымен қатар үміткердің білімі, еңбек өтілі және кәсіби сертификаттары да ескеріледі.

Бағдарламаға 18-ден 39 жасқа дейінгі азаматтар қатыса алады. Кандидаттың сотталмаған болуы, Корея Республикасынан бұрын мәжбүрлі түрде шығарылмағаны және елге кіруге тыйым салынбағаны талап етіледі. Сондай-ақ Қазақстаннан шетелге шығуына шектеу болмауы қажет.

Барлық талаптарға сай келетін азаматтар белгіленген кезеңдерден өтіп, балдық жүйе бойынша бағаланады. Іріктеуден сәтті өткен және қажетті талаптарды орындаған кандидаттар ресми жұмыс іздеушілер тізіміне енгізіледі. Бұл кезеңде жарамды төлқұжаттың болуы және медициналық тексеруден өту міндетті.

Кандидаттың жеке мәліметтерінде оның білімі, кәсіби тәжірибесі, сертификаттары, тестілеу нәтижелері және қандай жұмысқа орналасқысы келетіні туралы ақпарат көрсетіледі. Осы мәліметтер негізінде корейлік жұмыс берушілер өздеріне қажетті қызметкерлерді таңдайды.

Маңызды: EPS-TOPIK емтиханынан өту және ресми кандидаттар тізіміне енгізілу Кореяда жұмысқа орналасуға кепілдік бермейді. Кандидатты түпкілікті таңдау құқығы корейлік жұмыс берушіге тиесілі. Сондықтан ешбір жеке делдал азаматқа жұмысқа орналасуға кепілдік бере алмайды.

EPS жүйесі бойынша Кореяға қабылданатын Қазақстан азаматтарының саны жыл сайын Корея тарапы белгілейтін квотаға байланысты болады.

Жұмыс беруші кандидатты таңдағаннан кейін оған еңбек шартын ұсынады. Құжатқа қол қоймас бұрын қызметкерге атқаратын жұмысы, жұмыс уақыты, еңбек жағдайлары және басқа да маңызды талаптар түсіндіріледі. Екі тарап келісімге келгеннен кейін еңбек шартының түпнұсқасы қызметкерге беріледі.

Кореяға аттанар алдында азаматтар Алматы қаласындағы EPS орталығында міндетті дайындықтан өтеді. Дайындық аяқталып, жұмыс визасы рәсімделгеннен кейін ғана қызметкер Кореядағы жұмыс орнына аттанады.

EPS жүйесі бойынша жұмыс істеу мерзімі үш жылға дейін болуы мүмкін. Заңнамада белгіленген жағдайларда бұл мерзім тағы 1 жыл 10 айға дейін ұзартылуы мүмкін. Жұмыс мерзімін толық аяқтап, Қазақстанға өз еркімен қайтқан азаматтарға Кореяға қайта бару кезінде қолайлы жағдайлар қарастырылған.

Еңбек министрлігі азаматтарға тек мемлекеттік органдар мен уәкілетті ұйымдардың ресми ақпараттарына сенуге кеңес береді. “Кореяға міндетті түрде жұмысқа орналастырамыз”, “іріктеуден жедел өткіземіз” немесе “ресми тәртіптен тыс кандидаттар тізіміне енгіземіз” деп уәде беретін жеке делдалдарға құжаттарын немесе ақшасын беруге болмайды.

Кореяда жұмысқа орналасудың кепілі - делдал емес, белгіленген ресми EPS рәсімінен өту. Себебі соңғы шешімді корейлік жұмыс беруші қабылдайды.

Тіркеудің нақты басталу күні, құжаттарды тапсыру тәртібі, EPS-TOPIK тестінің өткізілу мерзімі және іріктеудің басқа да кезеңдері туралы ақпарат Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми ресурстарында қосымша жарияланады.
Фото: ЖИ

Просмотров (327)
ТопДок 1